Арман Тау

Қайткенде көңілім тынар- ай, әндетпесем де әбігер болып мен жатырмын. Қашқан ұйқымның ізін қуамын деп көп қиялдап кеттім білем, бүгін қысқа ғана қайырған диалогымызда өзің аңдатқан кішкентай ініңді тербетіп, әлдилеп отырған бейнеңді көз алдыма елестетуден басталған қиял- сапар алысқа кетті, алысқа емес- ау, алыстан да ары... Сыртта бүркіп жауған ақ жауын, ақ күмістей имек айды көргім келді бір түрлі, тұңғиық аспанның түнгі сәулесі сол емеспе, бірақ ол жоқ бүгін, айда періштелер көп дейді, ұзақ қарап тілегімді айтар ем, тәңірге тілегім жетіп қабылдануы үшін тілеулес болар еді олар. Айды іздеп құлазысам, тұманды аспанды тілгілеп түсіп, табиғатқа өмір нәрі болып төгіліп жатқан жаңбырға марқайып қалам.

Мен шынарға ұмтыламын, шынар шыңға ұмтылады. Елдің не ойлайтынын кім білсін, сені шынарыма балағалы бері жаңылмадым ғой жарыма балаған ынтызар көңілден. Қырды кезіп, алуан түрлі гүлдерді, қызғалдақпен түймедақтан, алқызыл, қызыл, сары раушаннан гүлдесте жасап шашыңа тағып ханшайым бейнеңе сүйсіне қарайтын балалық қиялдарымды несіне айтайын. Шұбатылған қызғыл көйлегің жазғытұрым мезгілдің гүл шоқтары жайқалып, жеміс ағаштары тұтас гүлге оранған жұпарында желмен желбіреп, жүзіңе күлкі үйірілгенде, бар дүние жадырап, әлем бір жола мейірімділікке бөккендей шалқимын- ай бір...

Ойланам сені неге сүйемін деп, мен айтқан сүйемін жай айтыла салған бес әріп емес, оның тарихы арыда, тамыры тереңде, тағдыры көкте. Көзді елітіп, көңілді қытықтаған қызға тән қылығыңа куә болатын мүмкіндігім бола қоймаса да, тым жұмсақ жүрегіңді, қайсарлық кернеген кеудеңді,  пәктікпен парасаттан тіктелген еңсеңді, намыспен ибадан серт алған тазалығыңды, тіпті әр айтқан сөзіңді... Аңғал жүрекпен, бар пейіл- ниетіммен ұнатқан екем. Сені бауырыма бассам екен деп құшақ қана ашқам жоқ, бірге тамыр жайсақ, көгерсек- көктесек деп ғасырлық болашаққа құлаш та сермедім...

Қазір қыс қой, ақ шаңқан дүние, аппақ қар, ақ үміт, ақ маңдайлы сүйген жардың ақ жүзі, шіркін ақтыққа не жетсін аппағым. Ертеңді елестетем, Сарыарқаның әлде бір қойнауы, аядай үй, жылу толы жас отбасы, кірбіңсіз көңілмен риясыз махаббат.  Жырғалаң өзенінің бойында өткен балалық шағымда, өзен аңғарымен жететін заңғар шыңдардың үскірік аязына әбден үйренгем. Арқаның ақ аязы қалай долданып елестесе, үй ішіндегі жұбайлардың махаббаты керісінше шуаққа бөккен барынша жылуы тасыған болып көз алдымнан көлбеңдейді.

Көктем де келеді гүл жайнап, сонау бала кезімде біздің қыстаулықта үйіміздің алды жабайы алма өскен бау- бақты алқап болатын. Жұрт Шұбарағаш деп атайтын. Көзіме сол Шұбарағаш елестейді, бала кезімде бауырында тербеткен, ну жыныс қалпында көрем. Жабайы алма сәуірдің соңында гүлдегенде тұтас дүние ағарып кеткендей болушы еді. Әрине айналамызда өрікті сай, тал- дарақ, шетенмен емен сыңсыған, сызданып шырша біткен жыралы қыраттар көп, әр жерінен жеміс ағаштары гүл жарғанда дүние нұрланып- ақ кетуші еді- ау. Бала көңілде қалған сол таза қалпында көз алдыма туған ауылым, тек мен есейгем, және жалғыз емес, жанымда сен барсың, бұлбұлдың талмай сайрайтын тілсім үнін айытпағанда, ғашығын іздеп көкектеген зейнеп құстың зары, кептерлердің күугк- күугк дейтін сампыл үні, торғайлардың өміршең шырылы, тағыда басқа бозала құстардың өзіндік жырлары біздің махаббатымызды жырлап жатқандай көрінеді. Жұпар көктемнің хошына құшағымыз жазылмай мастанамыз- ай келіп...

Жазда келеді, туған жерім тағы елестейді, үйіміздің қос қапталындағы беткей қой бүлдіргенге сыңсып тұрушы еді- ау. Мектептің бар баласы сілекейі ағып, қоралы қойдай төніп келгенде апамның шабысты жапырмаңдар ей деп салатын айғайы да бір жаңғырып өтті санамнан. Шалғын белуардан келгенде махаббаттың нағыз той- думаны басталып жатушы еді ғой. Бөдене, құр сияқты ұсақ құстардың сауық- сейілі шөп арасында болып жататын, тынбайтын шегірткенің шырылы, құр бақаның шұрылы, бытпылдақтың бытпылдата салған әні, тіпті байғыздың сұңқылы бәрі- бәріде қан базар тірлік кешіп, өмірдің өзгеше симфониясын кешіп жататын. Жаздың сондай түндерінде иықтасып отырған боламыз, өзіңді еміне еркелетіп, тұнық ауамен бірге ыстық деміңді жұтқандаймын ба қалай? Даланың ең ғажап қан базарына бізде араласып, өмір симфониясына үнімізді қосып жатқандаймыз...

Күз деген жапырақтар сарғаятын ғана емес, сезімдер толысатын, сенімдер тоғысатын, көбірек сағынысатын тамаша маусым ғой. Көктемде гүлге оранған жеміс ағаштары бар жомарттығын танытатын да мезгіл дәл осы. Сырт- сырт үзілген Шұбарағаштың алмасы қолқаңды қабатын ғажайып иіске толтырар еді ғой даланы. Әне сондай мәуелі маусымда қысқа қамданып, пішен жиып, жеміс терген, отын үйіп, терін төккен жұбай болып тағы көрінеміз елес боп. Табиғат ана қалай мейірімін төгіп, төсі иіп, сүтін сарқып тұрса бізде бір- бірімізді аялай бауырымызға басамыз шіркін. Үнсіз түсінісіп, өрнексіз сырласып жатамыз...

Осылай жылдың әр маусымы ғана емес Тәңір берсе деп болжаған ғұмырымның әр кезеңін де өзіңмен бақытқа толы сағаттарға толтырам. Әрине туған жер алыста қалды. Туған жерді есіме алатыным балалық тазалығымды сағынғаннан болар. Себебі сол туған жерімде Жырғалаңның мөлдір суындай тұнық көңілмен бар әлемді, адамзатты, өмірді сүйген едім. Есейе келе қала көріп, адамдармен араласып, аласын көріп “былғанып”, өмірдің кей тұсынан жиреніп те қалдық қой. Әйтпесе  қазақ даласының кез келген ауылы өзіңмен бірге болсам маған жұмақ емес пе! Өте- мөте осындай бір қыста сырттан суық ерте кірген еріне бәйек болған от анасы ретінде көз алдыма бір бақыттың үзінді кескіні көбірек елестеп, жылулық дейтін ұғымға санам көбірек талдау жүргізетіндей.

Әйел әлемнің анасы дейді, әлемге от қана жылу бермейді, әйелдің жылуы бөлек, мейірім дегенді сезінбесең маздаған оттан не пайда, сол мейірімге жету үшін әйелдерді әлпештеу керек, ақ адал сүю керек. Интернет деп ой уланып, қиял қырқылған заманда өзіңді алып оқшау әлемге кетіп қалғым келеді- ай. Әлде бір қияндағы ауылға барып, басымызға үй тұрғызып, мектепте ұрпақ тәрбиелейтін мұғалім болып жұмысқа орналасып алсақ қой. Интернет құрғыр жоқ болса, мектептің бар кітапханасын тауысып оқып, қара көбейтіп, ұлды- қызды болып, бала- шаға тарықпайтындай қора толтырып алса шіркін одан үлкен не бақыт бар. Алыстағы ағайын- туыспен, дос- жолдаспен хат жазысып қана тұрса деймін, сыйыңда болады, сағынышың да болады. Менің өмірге деген ақ адал ниетім, аппақ арманым түптеп келгенде осы еді. Қиянатсыз, кесапатсыз ғұмыр кешсең тәңірге де жаман құл болмайтының анық.

Кіші Азияның әлде бір қаласында жатып алып осылай қиялға батып жатырмын. Түн жарымынан енді ауды, ұйқы құрғырдан әлі хабар жоқ, уәделі мезгілінде көбірек адастырып кететін болып жүр. Даланы сағынатындаймын, қарсыз, аязсыз қаңтарда бір түрлі ерсі екен. Менің сағынышым далаға ғана емес, балалық шақты сағыну да, болашаққа деген де сағыныш екен. Лаухүл- маһфузда маңдайға қанша ғұмыр өлшенгені Аллаға ғана аян ғой, менікі тек сол өлшеулі ғұмырда баһаратлі ғұмыр кешсем, кісіге зияным тимесе, бір әйел затына бақыт сыйлап, өмірдің заңына ақ адал бой ұсынсам, ата- ананың үмітін көңілдеріне кірбің ұялатпай ақтап, ұрпағын жалғастырсам деген тыныштыққа деген, тазалыққа деген ынтызарлық қана. Тәңірдің шапағатынан, табиғаттың мейірімінен айырылып қалмасақ екен. Бәрі таудай арман... Арманым тау ғой... Арман Тау...



Бөлісу: