САҒЫНЫШ САЗЫ

Фариза Оңғарсыноваға арналады


Көз жазып қалардай сағымнан,

Қабағым қалың мұң тағынған.

Беймаза күй кешкен жүрегім,

Өртеніп жатқандай жалыннан.


Зырлайды күнпарақ күндері,

Солдырып көңілдің гүлдерін.

Сағыныш тудырған сиқырлы,

Сезіммен сыңғырлап үндерің.


Талайлар табынған сыртыңнан,

Жүрегің сыр сандық жыр тұнған.

Іздеймін, келмеске кетсең де,

Артыңда қалдырған жұртыңнан.


Жан дүниең жанартау сөнбеген,

Жалғанның ырқына көнбеген.

Жалығып, жабыққан жандарды,

Жырларың рухымен емдеген.


Сен кеттің, біз қалдық жыласып,

Өлең - құс қалықтар қыр асып.

Қайғының әуені жалғасар,

Сағыныш сазына ұласып...







Бөлісу: