- Негізгі бет
- Массагет 3 жаста!
- Темірхан Тебегенов, профессор:...
Темірхан Тебегенов, профессор: "Массагет кемелденіп келеді"
Бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Темірхан Сақаұлы Тебегеновпен сұхбаттасудың сәті түсті.
- Темірхан ағай, ассалаумағалейкум. Бүгінде әдебиеттану ғылымының дамуына үлес қосып жүрген белгілі ғалымсыз. Жалпы осы әдебиет саласына түсуіңізге не түрткі болды?
- Менің бұл салаға түсуіме ақ жол ашқан алдымен ауыл кітапханасы дер едім. Одан кейін жоғарғы оқу орнындағы ұстаздарым. Атап айтатын болсам, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім берген Ә. Қоңыратбаев, З. Қабдолов, А. Қыраубаева атты ұстаздарым ғылымға бет бұруыма септігін тигізді. Ал ең бастысы - шәкірттерім деп ойлаймын. Ғылыми жаңа еңбек жазып, ғылыми жаңа пікірлер айтуға себепкер болған - алдымдағы шәкірттерім.
- Ауыл кітапханасы деп қалдыңыз. Қазіргі таңда ауыл кітапханалары қандай деңгейде?
- Қазіргі кезде біздің Қазақстан Республикасында ауыл кітапханаларының деңгейі орташа көлемде ғана. Себебі сонау XX ғасырдың 70-80 жылдары өте жоғары деңгейде болатын. Ол уақыттың бір ерекшелігі - Кеңестер Одағы деп аталатын жүйеде кітап шығару мәселесі қатты өркендеді. Елімізде 5-6 баспа болса да, ауыл дүкендеріне, ауыл кітапханаларына дүркін-дүркін түсіп жататын. Сондықтан сол кезде ауыл кітапханалары бай боп, мәдениет ошағы қалыптасып, арнайы кітапханашылар болатын. Ал 90 жылдары аласапыран кезеңде дағдарысқа ұшырады. Соңғы 10 жылдықта Елбасымыздың "Мәдени мұра" бағдарламасымен ауыл кітапханалары қайтадан қолға алынып жатыр. Мен ауыл кітапханаларын әлемдік деңгейге көтеру керек деп ойлаймын.
- Поэзия, проза, драматургия жанрларына өз үлесін қосып жүрген кейінгі жас толқын туралы не айтасыз?
- Бұл орынды, өзекті мәселе деп есептеймін. Бұл бағытта жасалған бастамалар өте көп. Оған аз-маз болса да үлесімізді қостық. Ал қазіргі қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, оның алдындағы Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев айта алмай кеткен бір арна діни исламдық дүниетанымды жырлау болатын. Соны біздің тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ әдебиеті күрт биікке көтере бастады. Соңымыздан еріп келе жатқан жазушы, қаламгерлер де бұл тақырыпты қолға алып жатыр. Тек оқырмандық ортаны молайтуымыз керек.
- 65 жылдық мерейтойыңыз келе жатыр. Осыған орай ел ішінде қандай іс-шаралар өткізілуде?
- 60 жасыма толғанда университетіміздің ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиев бастаған ұжыммен үлкен көлемде атап өткен болатынбыз. Көршілес Қазақ Ұлттық университетінен, Қыздар атындағы педагогикалық университетінен келіп құттықтап, бірнеше сағатқа созылған керемет кеш өтті. Сондай-ақ 65 жасты да құттықтап, бағалап жатыр. Бір арнайы жинақ дайындауда. Осы халықтың, шәкірттерімнің ықыласына үлкен рақмет айтамын.
- Соңғы кезде қандай істер атқарып жатырсыз? Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?
- "Түріксой" деп аталатын халықаралық түркі мәдени орталығының ұсынысымен қырғыздың ұлы ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдығына арналған кітапты қазақшаға аудардым. Соны бағалап Тоқтағұл Сатылғанов атындағы халықаралық медаль сыйлады. Сонымен қатар Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өтетін Түркі халықтарының мәдени күндеріне арнайы шақырту алып, Алла қаласа осы желтоқсан айында сол жаққа сапар шеккелі отырмын. Бұл да менің өмірімдегі үлкен оқиға болып отыр.
- Сұхбатыңызға үлкен рақмет, Темірхан ағай. Сізге шығармашылық табыстар тілейміз!
Сөз соңында Темірхан Тебегенов сүйікті сайтымыздың 3 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Сурет: ©massaget.kz
Ж. Исакаев