- Негізгі бет
- Массагет 3 жаста!
- Әли Оқапов Массагетті...
Әли Оқапов Массагетті туған күнімен құттықтайды
Қазақ сахнасында жаңалығымен жарқ еткен әнші Әли Оқапов Массагет кеңсесіне қонаққа келген еді.
- Әли, алдымен алтын уақытыңызды бөліп келгеніңіз үшін үлкен рақмет айтамыз. Әңгімеміздің әу басын шығармашылығыңыздағы жаңалықтан бастасақ. Ғалымжан Молданазармен бірігіп жұмыс істеу жоспарыңызда бар екенін білеміз...
- Ғалымжан Молданазармен таныс болғанымызға бірнеше жыл болды. Кезінде белгілі продюсерлер тарапынан екеумізге топ болып жұмыс істеу ұсынысы да жасалған еді. Сол кезде мен өз-өзімді жеке орындаушы ретінде көргендіктен, бұл ұсыныстан бас тарттым. Сөздің шыны керек, Ғалымжанмен осы мәселе жөнінде бірде-бір рет кездесіп, сөйлеспеген екенбіз. Бірақ екеуміз бірігіп, бұрын болмаған ерекше дүние жасағымыз келеді. Әзірге бастаған жоқпыз.
- Жанар Дұғалова жақында "Түрквижн-2014" байқауында топ жарып, елімізге жеңіспен оралды. Әлеуметтік желілерден Жанардың жеңісіне үлес қосқан адам ретінде сіздің де атыңызды бірнеше рет байқап қалдық.
- Жанар іріктеу кезінде Астана қаласындағы жартылай финалға дайындалғанда маған Жанардың музыкалық продюсері Бағым Мұхитденова қоңырау шалып, көмек сұраған. Жанарды "Кешьюге" келмеген кезінен бастап танимын, өмірде досым, сондықтан бірден келісімімді бердім. Оларға уақыттың тапшылығына байланысты өңдеу жағынан көмек керек болды. Сол күні кешке жақын "Орда" тобының студиясына барып, Жанармен бірге өңдеуді бастадық. Әнді бір түннің ішінде өңдеп тастадық, әрине ол демо нұсқасы болды. Мен үшін бұл біріншіден, тәжірибе болды, екіншіден, Жанардай әншіге көмектесу - мақтан тұтатын нәрсе. Соңғы жетістігінен тыс да Жанарды дарынды әнші ретінде білемін. Бас қосқан музыканттардың ішінде Ерболат Беделхан, Олжас деген жас өңдеуші және Ринат Ғайсин болды. Бәріміз бірігіп Жанардың "Ізін көрем" әнінің өңдеуін жасадық, өздеріңіз білетіндей, Жанар сол әнмен жеңіп шықты. Біздің еңбегіміз ақталды, халықаралық қазылар алқасы еңбегімізге жоғары баға қойды.
- Музыкадан басқа қандай істермен шұғылданасыз?
- Биыл Өнер академиясын эстрадалық вокал бойынша бітірдім. Сондықтан мамандығым бойынша жұмыс істеп жатырмын. Одан бөлек, достармен бірге киноға барып, атпен серуендеуді жақсы көрем. Қалған уақыттың бәрі шығармашылыққа кетеді. Әнші болу деген - тек сахнаға шығып, ән айту емес. Мен сазгер ретінде де жұмыс істеймін, осындай көптеген түсірілім бар. Кейде жүргізуші ретінде шығамын, жарнамаға түсіп, іс-шараларға қатысамын.
- Өміріңізде өзіңізді ерекше қуантқан тосын сый болды ма?
- Кейде мейрамда бірде-бір адам сыйлық сыйламайтын кездер де болады. Сондықтан есте қалған тосын сыйды айта алмаймын. Мен үшін өмірімді өзгерткен тосын кезең болды. 2012 жылы болған оқиға Байғали Серкебаев ағамызбен байланысты. Ол кезде "Жұлдыздар Фабрикасы" болатынын естімеген де едім, Байғали ағамыздың Мәскеуден Алматыға келгенін естіп, амандасуға бардым. Әңгіме арасында жоба туралы естіп, сол жобаға шақыру ұсынысын алдым. Мен үшін осы оқиға тосын сый еді. Егер мен осы кездесуге бармасам, сол жобаға қатыспас па едім. Осы жобадан кейін мен өз-өзімді әнші ретінде дәлелдедім. Сол кездесу тағдырымды өзгертті.
- Жаныңызға жақын адамыңыз бар ма?
- Әрине достарым бар, бірақ көп емес. Достарым екі топқа бөлінеді, оның бірі - сахнада бірге жүрген әріптестерім. Әртістердің өмірі қайталанбас өмір, өйткені бір күніміз екінші күнімізге ұқсамайды. Сахнадағы әріптестер бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Екіншісі - бала кезден бірге келе жатқан сыныптастарым. Ең жақын достарым - Мирас пен Диас. 15 жасымда балалар лагерінде басшы болып жұмыс істеген едім, сол кезде танысқан жігіттермен әлі де доспыз.
- Ал қыздардан ше?
- Қыздардан досым жоқ. Өкінішке орай, осылай болып тұр. Менің көзқарасым бойынша, жігіт пен қыздың арасында шын достық болмайды. Сүйіктім жоқ.
- Әли Оқаповты болашақта қайдан көреміз?
- Анам "әр адам өз ісінің шебері болу керек" дегенді көп айтады. Сондықтан мен режиссер бола алмаймын, болсам, музыкалық продюсер болуым мүмкін. Жылдар өте әншілікті қоятын шығармын. Өйткені әкемнің ізін басып келе жатырмын. Әкемді "Қазақстандағы ең алғашқы продюсер" деп атап жатады. Оның екі жобасы болды - Роза Рымбаева мен "Арай" тобы (қазіргі А-Студио). Менің ойымша, елімізде Роза Рымбаева мен А-Студиодан асып кеткен жұлдыздар жоқ. Келешекте музыкалық продюсер болатын шығармын. Әзірге сахнадамын.
- Әңгімеңізге рақмет!
Әли Оқапов әңгімеміздің соңында Массагетті туған күнімен құттықтап, жылы лебізін арнады. Оны мына видеодан көре аласыздар:
Оператор: Бауыржан Жақсымбет
Монтаж: Ернар Алмабек
Н. Нұрмаханұлы