- Негізгі бет
- Білім
- Бейонсе білім жүйесіне...
Бейонсе білім жүйесіне $100 000 қаржы бөлді
Аты әлемге әйгілі Бейонсе студенттерге шәкіртақы қорын ашқанын хабарлады. Оған бөлінетін қаржы қара нәсілділерді оқытатын жоғарғы оқу орындарына (HBCU) осы мәдениетті қолдау мақсатында жіберіледі.
АҚШ-тағы қара нәсіл мәдениетіне жанашырлық танытатын және жандандыратын оқу орындары қатарындағы Ксавье, Уилберфорс, Таскиги мен Бетун-Кукман университеттері таңдалып алынған.
Homecoming Scholars бағдарламасы бойынша $ 25 мыңнан 4 шәкіртақы бөлінеді. Оған жоғарыда атап өткен оқу орындарының 4 студенті ие бола алады.
Осындай игі іспен теңдессіз талант иесі Рианнаның да айналысатыны белгілі. Ол осыған дейін жас жеткіншектердің білім алуын жеңілдету жолында 2 миллиард доллар ақша жинағанын хабарлаған болатын.
Франция президенті Эммануэль Макрон Сенегалда өткен білімді қаржыландыру жөніндегі жаһандық конференцияда әншінің дамушы елдерде білім алуға $2,3 миллиард қаржы жинағанын жариялады. Рианна жиында өзі көтерген мәселеге бей-жай қарамағандарға алғысын білдіріп, бұл жолдағы күрестің әлі де жалғасатынын айтты.
«Бүгінде біз білім жолында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Бірақ, әрине, мұнымен жұмыстың тоқтап қалмайтыны анық. Біз оны әлем бойынша әр жеткіншек білім алуға қол жеткізгенге дейін тоқтатпаймыз», - деді әнші. Ұйым 2020 жылға қарай жыл сайынғы қаржыландыруды $2 миллиардқа ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Гамбургте өткен G20 саммиті алдында белгілі әнші, актриса, филантроп Global Partnership for Education қайырымдылық қорының елшісі Рианна өзінің Twitter парақшасы арқылы әлем елдері басшыларынан білім алуды қолжетімді ету туралы өтініш тастады. Ол 74 миллион халық алдында білім жүйесін қаржыландыру жауапкершілігін басшылар өз міндетіне алуын сұраған еді.
Әнші бірінші болып Аргентина елінің президенті Маурисио Макридің парақшасына, кейін Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо мен Франция президенті Эммануэль Макронның әлеуметтік желісіне, сондай-ақ, Ангела Меркельдің пресс-секретарі Штефан Сайбертке хабарлама қалдырды. Бірнеше сағаттан кейін Маурисио Макри мен Штефан Сайберт өтінішке құлақ асатындары туралы жауап қатты.
А. Оралқызы