Ата-аналар балаларының оқу үлгерімін гаджет арқылы бақылай алады

Ата-аналар балаларының оқу үлгерімін гаджет арқылы бақылай алады
Фото: kredits247.lv

Енді ата-аналар балаларының оқу үлгерімін электронды түрде, яғни қосымшаның көмегімен бақылай алады.

«Биыл Edupage порталы арқылы Astana Learning Management System жобасы іске қосылады. Аталған жүйе веб-сайт форматында да, смартфондар мен планшеттерге арналған мобильді қосымша түрінде де жасалды.

Edupage порталының көмегімен сабақ кестесімен, бағалармен, үй тапсырмаларымен кез келген уақытта танысып, сабаққа қатысу журналын, асхана мәзірін көріп, қосымша оқу материалдарын алуға, тіпті сауалнамаларға да қатысуға болады», - деп хабарлады Астана әкімдігі.

Мәліметке сәйкес, жоба мектеп жаңалықтары, алмастырушы мұғалім, өткізілетін жиналыс немесе шаралар туралы ақпаратты тәулік бойы оқуға мүмкіндік береді. Яғни, ата-аналар мектеп әкімшілігімен және әр мұғаліммен тікелей байланыс орнатады. Ал мұғалімдер болса, осы жүйенің көмегімен сабақ кестесін автоматты түрде жасап, барлық бағаларды электронды түрде тіркейді.

Атап өтсек, қосымшаны Play Market пен App Store-дан жүктеп алуға болады. Жүйе іске қосылған кезде мектеп әкімшілігі оқушыларға құпия сөз таратады. Бұл бағдарлама ғаламтордың ең төмен жылдамдығымен де жұмыс істей береді.

Дереккөз: bnews.kz

Е. Жұмабайұлы