Көз ауруларын зерттейтін көзілдірік. Қазақ қызының жетістігі

Көз ауруларын зерттейтін көзілдірік. Қазақ қызының жетістігі
Фото: Әсел Таласпаева

Қазақ қызы мұхит асып, кәрі құрлықта ғылымға еренбей еңбек етіп жүр. Есімі – Әсел Таласпаева. Үштөбеден түлеп ұшқан Әселдің мамандығы – көз дәрігері. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ді тәмамдап, Қазақ көз аурулары ғылыми институтында интернатура мен резидентураны аяқтаған және сол ордада көз дәрігер болып қызметін бастаған. 

Ғылым қуған Әсел

Шетелден тәжірибе алуды студент кезінен армандаған. Алғашқы сапары Италиядан басталған екен. Шетелдік ғалымдардың көз ақауын анықтау, оны емдеу, алдын алу мәселелерімен тереңінен танысқан. Ал АҚШ-қа аяғы алғаш тигеннен дәрігерлердің науқасқа жаны ашып, жан ұшыра көрсеткен қызметіне, этикалық қарым-қатынасына таңғалған ол сол елдің ілімін алғысы келеді.

Өзінің ғылыми еңбектерін қорғауға түрлі конференцияларға шақырту алған. Соның ішінде өзіне ыстық көрінетіні ARVO ассоциациясының ұйымдастыруымен өткен шара. Себебі, өз науқастарына ем-шара ретінде ұсынып жүрген дәрі-дәрмектерін ойлап тауып, шығарған білікті көз дәрігерлерімен кездесу бағы бұйырған.

Жаңа даму сатысы

Сол сәттен бастап америкалық тәжірибені үйренуге бел буған ол 2018 жылы Нью-Йоркке келеді. Қазақстандық дипломын америкалық стандартқа сәйкестендіру үшін аптаның 4 күнінде білім алып, қалғанында кітапханада жалғастырады. Бірнеше емтихан тапсырады. Кейін АҚШ-тың клиникаларында тәжірибеден өтеді. 

Оның түйіндемесіне көз тіккен профессорлардың бірі – офтальмология саласында жасанды сана технологиясымен жасақтандыру зерттеуімен айналысатын зертхана басшысы, бұл зертханалық топ Нобель сыйлығының иегері.

Жасанды сана мен офтальмология жобасы

Осы ғылыми топ пен Google мамандары бірігіп тың құрылғының жобасын қолға алған. Әдетте көз ақауын тексеруге арналған аппараттың көлемі өте үлкен болады. Әлемде технологияның дамыған дәуірі салтанат құрған шақта мұндай аппаратты жаңа құрылғыға алмастыру сәті келгендей: Америкалық ғалымдар жасанды сана арқылы көзді зерттеуге арналған арнайы көзілдірік жасап шығарған. 

Бұл жаңа технологияның бір ұшын қазақ қызы Әселдің ұстап тұрғаны көңіл қуантады. "Бұл мен үшін үлкен тәжірибе. Елде жергілікті клиникада қызмет етіп жүрген кезде егде жастағы ата-апаларға жаным ашитын. Себебі үлкен аппаратпен көзін тексеру үшін біраз шыдамдылық қажет. Олар кейде шаршайтын да. Жасанды сананың көмегімен аппаратты алмастыра алатын көзілдірік бұл мәселені шеше алатынына сенемін. Осы жобада өзімнің үлесім болғанына қуаныштымын. Бұл зерттеуді осы жылы сәуір айында ғылыми конференцияда қорғап едім. Әлі де жаңа жобалармен қуантсам деймін" деп ағынан жарылды Әсел.

Г. Берік