Гарвардта білім алу қанша тұрады?

Гарвардта білім алу қанша тұрады?
Фото: pixgood.com

Кембридж, Оксфорд, Гарвард, Йель, MIT – әлемдегі алдыңғы қатардағы университеттер. Соңғы жылдары QS халықаралық университеттер рейтингінде көш бастап келген Гарвард университетінде білім алу төлемақысы қанша екен? Қаржы қолдауы жоқ талапкерлерге жеңілдіктер қарастырылған ба? Анықтап көрелік.

Harvard University

Гарвард – 1636 жылы құрылған АҚШ-тағы ең көне университеттердің бірі. Бастапқыда Гарвард университеті діни ілім беретін орта салалы білім ордасы болған. Тарихи деректерге сүйенсек, университетті Джон Гарвард есімді ағылшын-америкалық ашқан екен. Дегенмен өзге деректер Гарвардтың негізін Кембридж ғалымдары (Англия) қалағанын дәйектейді.

Сол үшін де Бостон қаласындағы бүгінгі университет территориясы Кембридж деп аталады. Ал Джон Гарвард колледж орталығындағы шіркеудің қызметкері болған.

Гарвардта білім алғысы келетін үміткерлерді арнайы бекітілген екі тәуелсіз маман саралайды. Шетелдік студенттерге арнайы талаптар қойылмаған. Олар да АҚШ азаматтары тапсыратын міндетті емтихандардан өтуі тиіс. Массачусетс штатында орналасқан университет Lіberal Arts (Тәуелсіз таңдау құқығы) көзқарасын ұстанатындықтан, студенттерге әртүрлі курстар ұсынылады. Америкалық білім беру жүйесі бойынша, түлектер бизнес немесе өнер саласындағы бакалавр (Bachelor of Arts, Bachelor of Science, Bachelor of Commerce) сынды жалпылама жоғары білім дәрежесін иемденеді. Оқу жылы қыркүйек айының алғашқы күндері басталып, мамыр айының ортасына дейін жалғасады. Жоғары білімі бар азаматтар Гарвард бакалаврына қайта тапсыра алмайды.

"VE RI TAS" - шындықты табу

1900 жылдан бері АҚШ-тың Бостон қаласында орналасқан Гарвард пен Массачусетс Технологиялық Институты (MIT) бір-біріне бәсекелестік танытып келеді. Кейіннен екі білім ордасын біріктіру идеясы қолға алынған болатын. Өкінішке орай, бірігу процесі толығымен жүзеге аспай қалады. Дегенмен бүгінде Гарвард пен MIT студенттері бір-бірінің курстарына тегін қатыса алады.

Құжаттарды тапсыру мерзімі

Гарвард университетіне құжаттар 1 қарашадан 1 қаңтарға дейін қабылданады.

Тапсыру барысы

Гарвардқа құжаттарды Universal College Application немесе Common Application әдісімен тапсыруға болады. Сұранымды ресми сайтта толтыра аласыз. Құжат үлгісін жүктеп алып толтыруға да болады. Оған қоса, мектеп аттестаты, шетелдік талапкерлер үшін сұраным және мектеп оқытушыларынан екі ұсыныс хат сынды құжаттарды (Harvard Application Supplementпошта арқылы жіберу керек. Әрбір талапкер 15 қазанға дейін университеттің ресми сайтына сұраным хат жіберу үшін 75 АҚШ доллары көлемінде тіркелу құнын төлеуі тиіс. Барлық құжаттар өткізілгеннен кейін үздік деп табылған талапкерлер университеттің оқу ғимаратында өткізілетін сұқбатқа шақырылады.

Гарвард кітапханасы

Гарвард университетінде 8 мыңға жуық студент білім алады. Оларға жыл сайын 3 мыңнан астам оқу курстары ұсынылады. 

Үміткерлерге қойылатын талаптар

Жасы 17-ден жоғары, мектепті үздік бітірген болуы тиіс. Әрбір талапкер SAT I немесе SAT II емтиханын тапсырып, кем дегенде 650 балдан жоғары жинауы міндетті. SAT (Scholastic Assessment Test) – АҚШ университеттеріне оқуға түсу алдында тапсырылатын арнайы академиялық бағалау тесті. Еліміздегі ҰБТ аталған тесттің аналогы болып саналады. Академиялық тестілеу мәтінді талдау, математика және жазудан (эссе) тұрады. Ағылшын тілін білу туралы сертификат (IELTS немесе TOEFL) міндетті емес.

Гарвард жатақханалары

Білім алу құны

Гарвардта білім алу құны орташа есеппен — $33 696. Өзге де төлемақыларын қосқанда жылдық төлемақы 50 000 АҚШ долларына дейін жетеді.

Университет гранты

Университет әкімшілігі өз оқуын өзі төлеуге шамасы жетпейтін студенттерге қолдау көрсетеді. Бүгінде Гарвардта білім алатын білімгерлердің 70%-ы унверситет тарапынан жартылай немесе толық қаржы қолдауына иемденген. Ал толық шәкіртақыны иемдену үшін студент жанұясының жылдық табысы  $60 000-нан кем екенін дәлелдеуі тиіс.

Кампус

Чарльз өзені, Гарвард студенттері қалашығы

Гарвардтың үш қалашығы бар. Олардың арасына қатынайтын тегін транспорт жүйесі жұмыс істейді. Негізгі кампус Кембриджде (Массачусетс штаты) орын тепкен. Жалпы 85 гектар аймақты алатын қалашықта университет басшылығы, кітапханалар, оқу ғимараттары, музейлер мен жатақханалар орналасқан. Студенттер үшін 12 жатақхана салынып, әр қайсысы танымал Гарвард түлектерінің есімімен аталған. Гарвард бизнес мектебі мен өзге де спорт кешендері 145 гектарды алып жатыр. Бизнес жоғары мектебінің кампусы Кембридждегі Чарльз өзенінің бойында орналасқан. Ал Гарвард медицина жоғары мектебі Кембриджден бес шақырым жердегі Лонгвуд қалашығында орналасқан.

Ж. Өрісбай