Google футурологының болжамдары

Google футурологының болжамдары
Фото: www.popsugar.com, techandle.com

Google компаниясының техникалық директоры, белгілі өнертапқыш әрі футуролог, жасанды сананы дамыту бағдарламасының авторы Рэй Курцвейл инновациялық технологияның дамуына қатысты өзінің болжамдарын уақтылы ұсынып отырады.

Рэй Курцвейл – бүгінде жасанды сананы дамытумен айналысып жатқан ғалымдардың бірегейі. Ол Google қаржыландыруымен жүріп жатқан роботтық технология зертханасында жұмыс істейді әрі корпорацияның техникалық директоры қызметін атқарады. Сонымен қатар, 2009 жылдан бері қысқа уақыт ішінде технологиялық үдерістің жылдам дамуын зерттейтін университетті (сингулярия) басқарады. Сингулярия университеті NASA мен Google қолдауымен құрылған.

Курцвейл өзінің болжамдарын 1990 жылдардан бері жариялап келеді. Олардың бірнешеуі шын мәнінде орындалды. Айта кетсек, ол арнайы құрылғылар көзге бағытталған үш өлшемді сурет құрылымын жасайтынын болжаған (3D). Виртуалды шындық адамның көру мен есту қабілетін қамтитынын айтып (смарт-көзілдірік), мобильді телефондар дыбысты алыста тұрып-ақ жеткізетінін (Bluetooth) жобалаған. Ендеше Google ғалымының ендігі жүзжылдыққа жасаған болжамына шолу жасап көрелік:

• 2019 жылы – Күнделікті пайдаланылатын әртүрлі сымдар мен кабельдер толығымен қолданыстан шығады. Оның орнына сымсыз қуаттау жүйесі енеді.
• 2020 жыл – Компьютерлік есептеу жүйесінің қуаты адамның санасымен теңеседі.
• 2021 жылы – Жердің 85% территориясында сымсыз интернет желісіне кіру мүмкіндігі болады.
• 2022 жыл – Еуропа мен АҚШ-та адамдар мен роботтардың қарым-қатынасы турады заң жүйесі қаралады. Роботтардың құрылу мақсаты, міндеті мен құқықтары заңдастырылады.
• 2024 жыл – Компьютерлік интеллект элементтері көлік құрылымына міндетті түрде енгізілетін болады. Адамдар жасанды санаға ие емес автомобильдерді жүргізу құқығынан айырылады.


• 2025 жыл – Адам ағзасына арналған имплантант гаджеттер нарығы дамиды. Протез ретінде арнайы гаджет орнату әдеткі жағдайға айналады.
• 2027 жыл – Автономды түрде кез келген функцияларды атқара алатын дербес роботтар үйдегі тоңазытқыш немесе шаңсорғыш сынды адам өміріндегі қарапайым құрылғыға айналады.
• 2028 жыл – Адамзатқа қажет бүкіл электр энергиясын Күн электр станциялары қамтамасыз етеді. Және оның құны да бірнеше есе арзан болады.
• 2029 жыл – Компьютер Тьюринг тестін тапсырады. Осылай робот толық дамыған адамның (жасанды) санасына ие болғанын дәлелдейді. Мұны адам санасының компьютерлік бейімделгіші жүзеге асырады.

• 2030 жыл – Өндірісте нанотехнология қарқын алады. Нәтижеде барлық тұтынатын өнім жаппай арзандайды.
• 2031 жыл – 3D-принтердің көмегімен басылған адамның ағза мүшелері кез келген емханаларда қолданылады.
• 2032 жыл – Нанороботтар медициналық мақсатта қолданылады. Олар адамның иммунды жүйесі әлсіреген кезде жасушаларға қажет элементтерді жеткізеді. Соныман қатар, зақымданған жасушаларды жояды. Одан бөлек, адам миының сканерін жасап, нақты жұмыс істеу тәртібін көруге мүмкіндік береді.
• 2033 жыл – Қоғамда тек өзін-өзі басқаратын көліктер қолданылады.
• 2034 жыл – Адам мен жасанды санаға ие робот арасында алғашқы сезім пайда болады.
• 2035 жыл – Ғарыштық техника Жерді әртүрлі астероидтардан толығымен қорғай алатын болады.
• 2036 жыл – Биологияға компьютерлік инженерия көзқарасымен қарап, жасушаларды қайта бағдарламалау мүмкіндігі жасалады. 3D-басылым технологиясы жасуша шығаруда қолданылады.
• 2037 жыл – Мидың белгісіз бөліктері зерттеледі. Кейбір аймақтарының алгоритмдік моделі көшіріліп, нейронды компьютер желісінде қолданылады.
• 2038 жыл – Жартылай адам, жартылай робот құрастырылады. Олар қосымша санамен жабдықталады. Қарапайым адам жасай алмайтын сананың функциялары және имплантанттармен қамтамасыз етілген метаморфоза адам сенгісіз қабілетке ие болады.

• 2039 жыл – Нанокомпьютерлер адамның миына орнықтырылады. Бұл виртуалды шындықтың шынайы көрінісі болады.
• 2040 жыл – Ешқандай гаджетсіз интернет арқылы ақпарат іздеу мүмкін болады. Адам миындағы имплантант гаджеттер іздеу нысанын ойлаған кезде-ақ бірден тауып береді. Ал табылған ақпарат смарт-линзаның көмегімен виртуалды кеңістікке шығарылады.
• 2041 жыл – Интернеттегі ақпараттар көлемі бүгінгіден 50 миллион есе көп болады.
• 2042 жыл – Адам мәңгі өмір сүре алатын деңгейге жетеді. Бұл адамның ағзасын тазалап тұратын нанороботтардың көмегімен жүзеге асырылады.
• 2043 жыл – Адамның ішкі ағзалары ұтымды жұмыс істейтін кибернетикалық құрылғылармен ауыстырылады.
• 2044 жыл – Жасанды сана қарапайым адамның санасынан миллиард есе ақылды болады.
• 2045 жыл – Технологиялық сингулярия орын алып, Жер біртұтас алып компьютер желісіне айналады.
• 2099 жыл – Технологиялық сингулярия үдерісі бүкіл галактикаға тарайды.

Ғалым 1990-жылдары «Саналы роботтар дәуірі», «Рухани роботтар дәуірі» және «Сингулярия алыс емес» сынды болашаққа бағытталған кітаптарын шығарған. Ал оның жақында шыққан «Сананы қалай жасауға болады: Адам санасының құпиясы ашылды» (How to Create a Mind: The Secret of Human Thought Revealed) атты еңбегі оқырмандар арасында резонанс тудырды.

Курцвейл жас кезінен өз денсаулығын ұқыпты күтпегенін мойындайды. Нәтижеде ол 35 жасқа келіп ағзадағы глюкозаның тұрақсыздығына шалдығады. Бұл қант диабетінің екінші түрінің бастамасы болатын. Сосын ғалым Терри Гроссман есімді дәрігермен танысып, өз биохимиясын қайта бағдарламалау мақсатында бірге жұмыс істейді. Күніне 250 түрлі медициналық нұсқауларды орындап, өзі ішіп жүрген су, көк шай және вино мөлшерін көбейтеді. Нәтижеде ауруды жеңіп шығады.

Рэй кейіннен салауатты өмір сүру туралы «Салауатты өмір салтының 10% шешімі» (The 10 % Solution for a Healthy Life) мен «Фантастикалық саяхат: мәңгі өмір сүруге 9 қадам» (Fantastic Voyage: nine steps to living well forever) атты туындыларын баспадан шығарады. Содан кейін Курцвейл мәңгі өмір сүру құпиясын ашу туралы бірқатар зерттеу жобаларын жүргізіп, Alcor Life Extension Foundation компаниясымен келісімге отырады. Келісім бойынша, ғалым қайтыс болғаннан кейін оның денесі уақытша мұздатылады. Болашақта компанияның мүмкіндігі болған кезде оны қайта тірілтуге жіберуі тиіс болады. Сондай-ақ, ол қартаюды жеңу мақсатында еңбек етіп жатқан SENS Research Foundation ұйымына да қолдау білдіріп келеді. 

Ж. Өрісбай