Болашақта қолданылатын құрылыс материалдары #3

Үй үстіне арналған айна жабын

Шведтің SolTech компаниясы құрастырған айна жабын үйдің үстін жауып қана қоймай, ішке жылу беру мүмкіндігіне ие. Испандардың терракоталық кірпіштері стилінде жасалған жабын Күн сәулесін өткізу арқылы үйдегі су айналымын жылыта алады. Бұл электр энергиясын үнемдеу мақсатында жасалып отыр.

Негізгі идея сары лайдан ыдыстар жасау технологиясы негізінде жасалған. Швед инженерлері жаңа құрылыс материалының кез келген ауа райына төзімді екенін айтады. Егер Швецияның суығына төзімді болса, өзге аймақтарда да жарамды материал болатыны айдан анық.

Саңырауқұлақтан жасалған үй

Табиғаттың бізге берген сыйларының бірі – саңырауқылақтар. Мұны тек тұтынуда ғана емес, тіпті құрылыс материал ретінде де қолдануға болады екен.

Айта кетсек, Ecovative компаниясы мицелияны (саңырауқұлақтың вегетативті бөлігі) қолдану арқылы саңырауқұлақтардан әлемдегі тұңғыш үйді жасады. 3,6x2,1 метр өлшемді кішкентай үй жолаушыларға арналған. Нақтырақ айтар болсақ, үйшікті көлікке тіркеп тасымалдауға болады.

Компания өкілдерінің айтуынша, саңырауқұлақтар табиғатта өсетіндіктен, экологилық таза құрылыс материалы бола алады. Одан бөлек, саңырауқұлақтар табиғи отқа төзімді болатындықтан, үйдің өртке орану қаупі жоқ.