Болашақта қолданылатын құрылыс материалдары #2

Болашақта қолданылатын құрылыс материалдары #2
Фото: pgday.postgres-arg.org

Су балдырларының энергиясы

Немістің Гамбург қаласында су балдырларынан алынатын энергиямен қамтамасыз етілген әлемдегі әзірге жалғыз ғимарат бой көтерген. Жаңа құрылыс нысаны болашақта қаланың энергия қамту орталығы қызметін атқару мақсатында сынақтан өтіп жатыр. BIQ House үйінің қабырғалары су балдырларына толтырылған «биогенераторлардан» тұрады.

Айта кетсек, балдырлар Күн сәулесінің көмегімен өте жылдам өседі. Сонымен қатар, су балдырларынан ғимарат тұрғындарына азық дайындауға болады екен. Бұл жоба альтернативті энергия көзін табу мақсатында жүзеге асырылуда. Егер ұтымды жоба тәжірибе жүзінде сәтті нәтиже көрсетсе, адам баласы экологиялық таза энергияның жаңа көзіне қол жеткізген болады.

Қайта қалпына келетін бетон

Құрылыс технологиясының ең басты проблемаларының бірі – нысан құрылымының көпжылдық төзімділікке ие болмауы. Ешкім жеке үйінде немесе ғимаратында қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қыруар қаржы мен уақыт жұмсағысы келмейді. Осы мәселенің шешімін нидерландық зерттеушілер тауыпты.

Олар цементтің жаңа типін ойлап тапқан. Цемент құрамына қосылған тірі бактериялар және кальций лактатының көмегімен қайта қалпына келе алады. Нақтырақ айтатын болсақ, бактериялар кальций лактатын сорып алу арқылы әктас қалыптастырады. Ал әктас бетонның жарылған жерлерін автоматты түрде толтыратын болады.

Тамаша концептіге ие «тірі бетонның» көмегімен болашақта жөндеу жұмыстарына жұмсалатын уақыт пен ақшаны үнемдей аламыз. Себебі жөндеуге қажет болатын барлық материалдар алдын ала цементтің құрамында бар болмақ. 

Ж. Өрісбай