Болашақта үй жануарларының орнын робот басады

Болашақта үй жануарларының орнын робот басады
Фото: www.aliexpress.com

Болашақта Жердің халық саны мөлшерден тым асып кеткенде үй жануарларының орнын роботтар мен виртуалды көмекшілер басады. Мельбурн университетінің зерттеуші ғалымы Жан-Луп Роның ойынша, роботтық құрылымға ие болатын үй жануарлары өзінің табиғи прототипін толығымен ауыстырып, адам үшін қалыпты жағдай тудырып, жасанды сана дамуында жаңа прогреске алып келеді.

Оның «Сандық кезеңдегі үй жануарлары: табиғи, роботтық құрылымға ие немесе виртуалды» атты мақаласы Frontiers in Veterinary Science журналында жарияланып, осы сынды гипотезаны алға тартты.

- Мұндай өзгерістің орын алуына сену қиын. Дегенмен бұл адамзаттың келесі ұрпағы үшін үйреншікті жағдай болады. Егер 2050 жылға қарай Жердегі адам саны 10 миллиардқа жетсе, бұл үдеріс жылдам өріс алуы мүмкін, - дейді Ро.

Егер осыдан 20 жыл бұрын өз замандастарыңызға Facebook әлеуметтік желісі туралы айтқаныңызда, сізді есі ауған адамға санар еді. Қазіргі кездің өзінде-ақ адамдар мен роботтардың ортақ байланысы тығыз болып жатыр. Бұл, әсіресе, Жапонияда байқалады.

Адам баласының виртуалды ойындарға деген қызығушылығы 1990-жылдардан басталған еді. Сол кездері барлық қоғам ойынның қызығына еніп кеткен болатын. Ал бүгінде үй жануарының прототипіне ие роботтар біздің өмірге бейімделе қоймады. Себебі роботтық технологияның дамуына бағытталған қаржы әзірге тек адам өмірін жеңілдететін роботтарды құрастыруға жұмсалуда. Ғалымдардың болжамы бойынша, бұл стереотип алдағы 10-15 жылда түбегейлі өзгеріске енеді.

Темір корпусты ит немесе мысық үй жануарының күтіміне артық қаржы бөле алмайтын адамдар үшін ұтымды болмақ. Дегенмен аустралиялық ғалым бұл үдеріс адамзаттың тірі табиғатқа деген ықыласының жойылуына алып келуі мүмкіндігін айтады. Расында, роботтың  нақты осы бағытта дамуына ешкім кепіл бола алмайды. Бұл жәй ғана бір ғалымның болжамы. Дегенмен жасанды сананың әмбебап үлгіге жетуі тіршілік иелеріне де әсер етуі әбден мүмкін.

Ал сіз бұл туралы қандай пікірге иесіз? Болашақта балаңыз немесе немереңіздің темір итпен ойнап жүргенін қалайсыз ба?

Ұқсас жазбалар: 

Ғалымдар жылан-робот жасады

Адам миына ота жасайтын робот құрастырылды

Ж. Өрісбай