Финдік Puzzlephone смартфоны Google-ға бақталастық тудыруы мүмкін

Америкалық ғаламтор алыбы Google осыдан бір жыл бұрын модульді смартфонның құрылымына қатысты бірнеше патенттерді сатып алып, жобаның негізгі жұмысын бастап жіберген болатын. Әлемде әзірге аналогы жоқ смартфондар платформасын финдік Circular Devices стартап компаниясы да жасауды ұйғарыпты. Аталған компания өз өнімін Google-дан бұрын шығаруды жоспарлап жатыр екен.

Алдымен модульді смартфон дегеннің не екенін анықтап алайық. Модуль деп гаджетке ашық ақпаратпен қамту платформасын айтады. Дербес жүйелі платформа смартфонның дисплейін, пернетақтасы мен қосымша батареясын жинақтайтын ортақ құрылым болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, оның негізгі артықшылығы смартфонның жарамсыз бөлшектерін еш қиындықсыз ауыстыруға мүмкіндік беретіндігінде болады.

Бүгінде қолданысқа шығып үлгермеген смартфонның нарықта сұранысқа ие болуы екі талай. Бірақ Google нарықтық бәске тәуекел етіп, бағын сынауды көздеген болатын. Енді оған финдік компания бақталастық тұдырып отыр.

Фин инженерлері құрастырып жатқан Puzzlephone смартфоны келесі жылдың орта шеніне қарай сатылымға шығуы жоспарланған. Гаджет өзінің АҚШ-тағы аналогынан біршама қарапайым болып келеді. Айта кетсек, оның ауыстыруға келетін үш ғана блогы бар.

Енді сол блоктарға тоқталып өтсек. Басты блогы Spine деген атауға ие болып, оның ішіне микрофон, динамика, негізгі батырма мен сенсорлы дисплей кіреді. Ал Heart бөлшегінде батарея мен қосалқы тетіктер орын алады. Одан бөлек, басқару модулін қамтитын Brain блогында камера және процессор секілді маңызды электрониканың бөлшектері қондырылмақ. Әмбебап тұрғыдан құрастырылатын смартфон Android оперативті жүйесінде жұмыс істейтін болады.

Circular Devices мамандарының растауынша, Puzzlephone қолдан жаңарту немесе қайта жөндеуге болатын сенімді смартфон болмақ.

Расында, егер смартфон камерасының сапасы нашар болса әлде батареясы көпке жарамайтын болып қалса аппаратты ауыстырудың немесе қызмет көрсету орталығына барудың қажеті болмайды.

Жаңа инновация жаңа көзқарасты қалыптастыратындықтан, модульді смартфондардың алдағы уақытта нарықтың бір үлесін алары анық. Оның тіпті қарапайым өзіңіз қолданып жүрген ақылды телефондардың орнын басуы да мүмкін. Бұл әрине компанияның күрделі платформаны барынша қарапайым етіп көрсете алуына байланысты болады. Мұны енді уақыт көрсетеді.

Сурет: techbuzzireland.com