Apple корпорациясының картографтары белгісіз құбыжықтың бейнесін суретке түсіріп алды

Көлдің беткі жағынан көрінген белгісіз көлеңкені ең бірінші энтузиаст Энди Диксон байқап қалыпты. Арнайы іздеу арқылы емес, ғарыштағы Жер серіктерінің түсірген суреттерін қарап отырып, кездейсоқ көріп қалған.

Бұл ақпаратқа Лох-Несс құбыжығының фан-клубы қызыға түсіпті. Фан-клубтың төрағасы Гэри Кэмпбел бұған дейін Google карталарында мынадай суреттердің еш байқалмағанын айтады.

Суретке мұқият қарайтын болсаңыз, аталған көлдегі сурет қозғалып бара жатқан кеменің артынан қалатын толқындарға ұқсайды. Дегенмен, жақын маңда ешқандай кеменің жоқ екендігі көрініп тұр. Ал Кэмпбел суреттегі бейненің суасты кемесі болмаса, Несси құбыжығынан басқа еш нәрсеге ұқсамайтынын айтады.

Естеріңізге сала кетсек, аталған көлде аңыз бойынша, Юр дәуірінің құбыжығы өмір сүріп келеді. Оны тіпті өз көздерімен көргендер де бар екен. Дегенмен, бұл факт фотосуреттермен дәлелдене қоймаған болатын. Ал Apple компаниясының картографтары ұмытыла бастаған аңыздың қайта жандануына түрткі болды.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.lavanguardia.com