"Әуезов театрының" жаңа маусымы ашылды

"Әуезов театрының" жаңа маусымы ашылды

М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының 89-маусымы ашылды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Салтанатты ашылу рәсімі театр артистерінің халық көңілінен шыққан қойылым кейіпкерлері ретінде қызыл кілеммен жүріп өтуімен басталды. Жаңа маусымның ашылуына өнерсүйер қауым көп жиналды. Театр сахнасын сағынған көрермен халық көзайымына айналған әртістерге қошемет көрсетті.

Театр «Жүз жылдық махаббат» премьерасымен жаңа маусымын ашты. Қойылымда алаштың айбоз ақыны Мағжанның өмірі жайлы әңгіме жары Зылиханың баяндауымен беріледі. Қиын-қыстау заманда үлкен кедергілерге қарамай сүйген жары Мағжанды ардақтап, оның жырын сақтап келген Зылиха махаббаты спекталкльдегі басты желі болады. Қойылым Мағжан бейсенсін албырт мінезді ақын, елін сүйген азамат ретінде көрерменге ұсынды.

Болат Мүрсәлім, журналист, әдебиеттанушы:

Бұл қойылымға мен тарихи шындық ретінде емес, көркем шындық ретінде қарадым. Өйткені, бұл жаңа премьера, жаңа қойылым. Ол деректі фильм немесе ғылыми еңбек емес. Осы тұрғыдан қарағанда ең алдымен маған Дулат ағамыздың осындай тақырыпқа барғаны қатты қуантты. Себебі, Мағжан мен Зылиханың махаббаты сынды тақырыпқа қалыптасып қалған дәстүрді бұзып-жарып келіп жазғаны ұнады. Режиссердің де бұл тақырыпқа таза реалистік немесе тарихи тұрғыда ғана келмей шығармашылық еркіндікпен келгені көңілге қонды. Дегенмен, әр нәрсенің жақсы-жаманы болады, бұл премьера болғандықтан, кейінгі қойылымдарында реттеле жатар деген ойдамын. Мағжанды сомдаған актердің ақынның ішкі әлемін көрсету жағы ой салды. Брюсов айтқан албырттықты, Мағжанға тән еркелікті актер жігіттің бойынан көре алмадық. Бұған қоса қойылымның драмалық желісі әлі де болса жетілдіре түсуді қажет ететін сияқты болып көрінді. Әрине, біткен іске сыншы көп. Тағы бір айта кетерлігі өнерде ұсақ-түйек болмауы керек. Қойылым алғаш басталғанда Мағжан Сәкеннің «Тау ішіндесін» айтып шығады. Тарихта екі арыс Омбы кезеңінен бастап бірге оқыған, екеуі бір-бірімен іштей шығамашылық жағынан бәсекелес болған адамдар. Сондықтан, тарихи шындық тұрғысынан Мағжанның ол өлеңді айтуы аса бір ұйқаса бермейді. Өнер туындысы деп қараған күннің өзінде осы әнді басқа бір әнмен ауыстырып қойғанда дұрыс болар еді. Екініші бір айта кетерлігі, сахнада жас актерлер қазақ поэзиясынан үзінділер оқиды. Мағжанның сахнадағы бейнесі осы арқылы да әлсіреп қалып жатты. Ол осы жастарға жарасады, ал, Мағжан бейнесіне әлі де болса детальдар, ізденістер болса деп ойлаймын.

Айнұр Әлиханова, Жәутіков атындағы мектептің мұғалімі:

Бүгінгі қойылымға өз сыныбымның оқушыларымен бірге келіп отырмын. Премьера бізге өте ұнады. Қойылым Мағжанның өмірі туралы екен, «Жүз жылдық махаббат» тақырыбына қарап басқа дүние ойлап келіп ем. Менің ойлағанымнан асып түсті. Рөлді ойнаған актерлер де, олардың өнері де көңілімнен шықты. Мағжанның біз білмейтін өмірі жайлы білдік, өте қызықты, әсерлі болды. Шыны керек, бұрын-соңды Зылиха туралы білмейді екенмін. Осы қойылым арқылы мол рухани байлық алдық.

Естеріңізге сала кетейік, Әуезов театры жаз  айларында  екі бірдей шет мемлекетке гастрольмен барып қайтқан. Бірі, қыркүйектің 12-19  күндері  Беларусь мемлекетінің Брест қаласында  өткен «Белая Вежа – 2014»  ХIХ  Халықаралық театр фестивалі. 13 мемлекеттің 25 театр ұжымы қатысқан фестивальде Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» қойылымы ағылшын тілінде сахналанған. Ал екіншісі, 6-12 қазан күндері Қырғыз Республикасында өткен  гастрольдік сапар.

Суреттер: ©М.Әуелханұлы

M. Auelkhan