Шығармашылық тоқыраудан қалай құтыламын?

Кей сәттерде ой ойлау мен бірдеңе ойлап табу қиын болып көріне бастайды. Ойламаған жерден өз ісіңізге деген қызығушылық кеміп, ештемеге де зауқыңыз соқпай қалуы мүмкін. Бұл, әсіресе, көлемді еңбек жазып жатқандар үшін өте қиын кезең. Бірақ осы шығармашылық тоқыраудан да құтылудың жолдары баршылық.

Ең бастысы бұл «дерттің» барлық адамда да болатынын ескеріңіз. Егер көлемді бір дүние жазу үстінде ойыңызға ештеме келмей, қайтеріңізді білмей қалсаңыз енді ешқашан да жалғастырып жаза алмаймын деуден аулақ болғаныңыз жөн.

Ойыңызға не келсе, соны жазыңыз. Тақырыбыңызға сай болмаса да көзіңізге не ілінсе, сол туралы жаза беруіңіз керек. Бұл сіздің миыңыздың қайта ойлауына, шығармашылық дем алуына мүмкіндік береді. Мәселен, орындық туралы, оның қалай жасалатынын, қайда дайындалатынын ойластырып алып жазып көріңіз. Иә, қарапайым ғана тақырып сіз үшін үлкен дем беруі мүмкін. Бұдан кейін миыңыз тынықса өз тақырыбыңызды қайта жалғастыра түсіңіз.

Әртүрлі ойларыңызды қағазға қаламмен жазып көріңіз. Әрине, бір отырып жаза салған жазбаңыздың сапасы мінсіз шығады дей алмаймыз. Бірақ көптеген жазушылардың мінсіз жазуға ұмтылатындықтан шығармашылық тоқырауға жиі түсіп жататынын осымен түсіндіруге болады. Яғни сіз жазбаңызды ешкімге көрсетпейсіз, мақсатқа жеткен соң ғана ел алдына шығаратыныңызды ойлаңыз.

Жазу жылдамдығыңызды өзгертіп көріңіз. Мәселен, егер көлемді жазба жазып жатқан болсаңыз, қысқа-қысқа абзацтарға бөліп, әрқайсысына айрықша тоқталып өтіңіз. Кіріспесін асықпай жазсаңыз, негізгі бөлімге келгенде жылдамдатуға тырысыңыз, ал еңбекті аяқтау кезінде тағы да баяулатуға болады.  

Қандай қажетсіз ойлардан бас тартуыңыз керектігін біліңіз. Жазған дүниеңізді қайта бір оқып шығып, өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Бұл ойды жазсам, дұрыс бола ма, бұрыс бола ма?». Егер күмәндансаңыз бағыт-бағдарды ауыстырудың реті келді деген сөз.

Мүлдем басқа еңбек жазып көріңіз. Тіпті басқа жанрда еңбек жазып көрсеңіз болады. Монолог, ән сөзі, өлең, тіпті сахналауға болатындай пьеса жазыңыз. Бұлы арқылы сіз жалпы жазуға деген қызығушылығыңызды оятасыз.

Әлемді «қолданыңыз». Иә, қоршаған ортаңыздағы адамдарды, заттарды, ауа райын, сұлулықты, мінезді – бәрін де жазбаңызға арқау етуге әбден болады. Мұнда сізге жеке күнделігіңіз көмекке келеді. Онда жазып жүрген түрлі оқиғаларды еңбегіңізге шикізат ретінде алуға пайдалануға болады.  

Романдар оқыңыз. Бұл жаңа тыныс алуға қолайлы әдіс. Өзіңізге ұнайтын бір кітапты қайта оқып шығыңыз. Тіпті өзіңізге ұнайтын көркем шығармалардың тізімін құрастырып көрсеңіз де болады. Өзіңіз жазып жатқан еңбектің жанрындай басқа да шығармаларды оқып, қызығушылығыңызды арттырсаңыз болады. Өзіңіздің еңбектеріңізді оқыңыз. Иә, өзіңіздің басқа да бұған дейін жазған еңбектеріңізді бір реттен оқып шығыңыз.

Үзіліс жасаңыз. Кейде бір ұйықтап тұрған адам толықтай шығармашылық қуат алады. Ал кейде қуатты фильмнен де алуға болады. Мәселен, мотивациялық фильмдерді интернеттен іздеп, қарап көріңіз. Ол да көмектеспесе үйді жинастырыңыз, тамақ дайындаңыз, үй жануарларымен (егер болса) ойнап, еңбегіңіз туралы ұмытыңыз.

Ал егер сонда да жазу машығыңыз қайта келмесе мүлдем басқа дүние туралы ойлаңыз. Бірақ өзіңізді бұл үшін айыптап, жазықсыз жазалаудың қажеті жоқ. Сіз ғана емес, әлемге танылған үздік жазушылардың да жаза алмай қалатын сәттері бар. Мәселен, атақты классик Гюстав Флобердің күніне бір ғана сөйлем жазып тұрған кездері болыпты.

Жазу кезінде өзіңіздің мәтініңізді түзеп-күзей бермеңіз. Бұл іске кейінірек те уақыт табасыз.

Өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз. Мұхтар Мағауин студенттік кезінде «Көкмұнар» романын жазып шыққан, ал Әбіш Кекілбаев бір күнде бір романды оқып отырған болса да, бұл факт сіздің нашар жазушы екеніңізді көрсетпейді. Керісінше, осындай үлгілерге ұқсауға тырысып, олардың жетістігін қайталау үшін барлық мүмкіндікті салу керек.

Дайындаған: Анара Мұстафина

Сурет: dizainabrivzona.lv