- Негізгі бет
- Бауыржан Момышұлы
- Бүгін – Бауыржан...
Бүгін – Бауыржан Момышұлының туған күні
Бүгін – Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег әрі тактик, жазушы һәм батыр, бір сөзбен айтқанда қазақтың қайталанбас тұлғасы Бауыржан Момышұлының туған күні. Осыған орай атақты қолбасшының өмірінен алынған қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз.
Бауыржан Момышұлы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінің тумасы. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Ташкентте әскери міндетін өтей жүріп нысанаға дәл тигізу және тез ату жарысында оқ бойы оза шығып командирлердің алғысын алады. Әскери борышын өтегесін туған ауылына қайтып, біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады. Қиыр шығыста жүріп ат ойыны кезінде өзінің қайталанбас ат өнерімен тағы да командирлер мен жауынгерлерге таңдай қаққызады. Оның тапқырлығы мен алғырлығы сол кезде-ақ ел аузында жүреді. Қиыр Шығыстың қарағай қақ айрылып сынатын суығында басқа командирлер бүрсеңдеп ат ығында жүрсе, Бауыржан Момышұлы қармағындағы жауынгерлерге үлгі болып, ат үстінде қол бастап жүреді. Мұның сырын сұраған басқа командирлерге киім ішінен целофан киіп алғанын, бұл Қиыр Шығыстың өңменінен өтіп кететін суық желінен қорғанудың бірден-бір жолы екенін айтады. Ешкімнің ойына келмеген мұндай тапқырлық тек Бауыржан Момышұлының ғана ойына келген.
Соғыс алдында
• 1928 - 1930 жылдары бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы ретінде қызмет атқарады. Аудандық милицияда 6 айдай жұмыс істейді.
• 1932 - 1934 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарына қызмет етеді. 1933 жылы полк мектебін бітіреді.
• Атқару комитетіндегі қызметімен көзге түскен Бауыржан Тимофей Дубовиктің қолдауымен Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болады. Осы қызметте жүрген уақытта 1936 жылы Республикалық банктің меңгерушісі Б.М.Барханның жолдамасымен Ленинградтағы Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсты бітіреді. Біліктілігін бағалаған басшылық оны КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға консультант ретінде тағайындайды.
• 1936 жылы жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирлігіне шақырылады. Бұл кезде рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болады.
• 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады.
Мәскеу үшін шайқас
Мәскеу түбіндегі шайқас Бауыржан Момышұлының өміріндегі ерекше кезең болды. Жас сардар, 1073 атқыштар полкінің батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы сарбаздармен қақаған қыста Мәскеу түбінің омбы қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды жарып шығып, жалпы саны 27 рет қол бастап ұрысқа кіріп, соғыс тарихында болмаған тактикалық маневрлер жасап, әскери өнерге жаңалық енгізген. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик, психолог еді.
1941 жылдың 16-18 қараша күндері аралығында Вермахтың Мәскеуге екінші дүркін шабуылы кезінде Бауыржан Момышұлы басқарған батальон өз дивизиясынан қашықта, Матронино селосының маңындағы Волоколам тас жолында аса ерлікпен соғысты. 8 шақырымдық бекініске бір баталоньын жіптей тізген дарынды Комбат неміс әскерін сауатты қорғанудың арқасында 3 күн ұстайды. Бұл ерлігінен соң жас комбат өз сарбаздарын қоршаудан соғысқа қабілетті жағдайда алып шықты. Алайда аласапыран шақта қысылтаяң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон, роталарымен байланысы үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соғады.
Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі – Бауыржан басқарған бірінші батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасайды. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған (алдыңғы жақты барлайтын) барлаушы қойып, взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарады. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарады.
Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылуы
Бауыржан Момышұлы - әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды.
• 1948-1950 жылдары 49-атқыштар бригадысы командирінің орынбасары қызметін атқарады.
• 1952 жылы Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны тәмамдайды.
• 1953 жылы академик Ван-Чон-Худың басқаруымен келген Қытай делегациясымен кездеседі.
• 1963 жылы Куба үкіметінен бірнеше қайтара шақыру келгендіктен, 10 күндік сапармен барып келеді.
Қолбасшы бауыржан соғыстан соң қаруын қаламға айырбастап: «Ұшқан ұя», «Мәскеу үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Куба әсерлері», «Адам қайраты», «Елбасына күн туса», «Психология войны» сынды шығармалар жазды.