Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға жаңа талап қойылады

Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға жаңа талап қойылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгінде Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жүйеге енгізу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Осыған байланысты биыл қаңтардан бастап Сапар орталығын ашу жұмысы басталды. Мұнда Кореяда заңды түрде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтар оқитын болады.

"Орталықтың негізгі міндеті - Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерге тілдік курстарды оқыту, корей тілінің тестілеуі, біліктілігін арттыру. Жобаны іске асыру қазақстандықтарға олардың әлеуметтік және еңбек құқығын қорғауға кепілдік беріп, Оңтүстік Кореяда 3 жылға дейін заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді", - деді Асқарбек Ертаев ОҚК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Жаңа тестілеу орталығы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында ашылады.

"Бұл мекемеде қажет материалдық-техникалық базасы, оқу аудиториясы бар. Заманға сай құралдармен жабдықталған. Тестілеу орталығында 500-ден аса компьютер орны бар. Қазақстан азаматтарын Қонаев атындағы көпбейінді колледжінде оқыту көзделіп отыр. Олар Оңтүстік Кореяға бармас бұрын осында оқиды. Мұнда білім алушылар үшін 500 орындық жатақхана да қарастырылған. Олар медициналық тексерістен өтуге міндетті болады", - деді комитет төрағасы.

Қазақстан Кореяға өз ұсыныстарын жіберген.

"Келесі аптада олармен техникалық келіссөз жүргіземіз. Жалпы алгоритм мынадай: біздің ұсыныстарды Оңтүстік Кореядағы барлық мүдделі мемлекеттік орган қарап талдайды. Осыдан кейін Қазақстан еңбек адамдарын экспорттайтын Кореяның жүйесіне енгізіледі. Қазір ол жүйеде 16 ел бар. Басқа да мемлекеттер өтінім беріп жатыр. Бір жыл ішінде мәселе шешілуі керек. Мерзімді Оңтүстік Корея белгілейді. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді Асқарбек Ертаев.

Аяз Есен 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!