"Ата жолы" картасын қанша ауқатты этникалық қазақ алды?

"Ата жолы" картасын қанша ауқатты этникалық қазақ алды?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Былтыр "Ата жолы" картасы 20 кәсіпкерге, сұранысқа ие 24 мамандық иесіне берілді. Бұл туралы Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, бүгін әлем елдері инвестиция үшін күресіп жатыр.

"Сондықтан еліміздегі бизнес-иммиграцияны одан әрі дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Этникалық қазақтарды "Ата жолы" картасына тарту бойынша шаралар қолға алынды. Осы картаны алуға үміткерлердің географиясы кеңейіп жатыр.

Бүгінде Ресей, Моңғолиямен қатар "Ата жолы" картасын алуға АҚШ пен Еуропалық одақ елдеріндегі этникалық қазақтар да қызығушылық танытып жатыр. Бүгінде "Ата жолы" картасы 44 этникалық қазаққа берілді. Оның ішінде сұранысқа ие 24 мамандық иесі, 20 кәсіпкер бар", - деді Асқарбек Ертаев ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, "Ата жолы" картасы өз елінде сұранысқа ие кәсібі бар немесе табысты бизнесті іске асырған және оларды кеңінен қолдануға ниет білдірген этникалық қазақтарға беріледі.

Аяз Есен 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз