Петропавл тұрғыны жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген

Петропавл тұрғыны жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген
Фото: polisia.kz

Петропавлда жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген мас тұрғын қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

23 қаңтарға қараған түні "102" арнасына Петропавл қаласындағы Қазақстан Конституциясы көшесіндегі үйлердің бірінің пәтерінде жарылғыш зат қойылғаны туралы қоңырау түсті. Дабыл сигналы бойынша кезекші жедел-тергеу тобы, жарғыш техниктер, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың, патрульдік полиция батальонының және басқа да мүдделі қызметтер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері дереу мекенжайға шықты. 

Тексеру нәтижесінде жарылғыш құрылғы табылмады. Жалған хабарлама жасады деген күдікпен 35 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды.

"Ер адам мас күйде болды. Ер адам үйдің кіреберісінде ұсталды. Осыған дейін бір жыл ішінде қоғамдық жерде мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл жолы да құқық бұзушылығын қайталағаны үшін әкімшілік қамаққа алынды. Әкімшілік жазасын өтеп шыққан соң ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Баптың санкциясына сәйкес, ірі көлемдегі айыппұл (5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін) немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", – дейді СҚО ПД экстремизмаге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері.

Өткен жылы полицияға қоңырау шалып, жалған хабарлама жасағаны үшін 2 солтүстікқазақстандық қылмыстық жауапкершілік арқалады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы