"Тұрғындар жиналатын орынды тексеру керек". Президент Үкіметке тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, Алматыдан бөлек, еліміздің басқа да аймақтары жер сілкінісіне дайын болуға және қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуге тиіс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тұрғындар жиналатын және олар уақытша паналайтын арнайы орындарды тексеру керек. Сондай-ақ азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру, зардап шеккендерге жедел жәрдем беру, көшпелі емдеу орындарын ашу жұмысын тиімді ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар материалдық резерв жеткілікті болуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе. Апат болған жағдайда басқа аймақтардан құтқару қызметін жедел жеткізуді қамтамасыз ету керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ғимараттар мен нысандардың сейсмикалық орнықтылығын күшейту қажет екенін атап өтті. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені зерделеп, тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма берілді.

"Жалпы, тұрғындардың төтенше жағдайға дайындығын қағаз бетінде емес, іс жүзінде жақсарту қажет. Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Төтенше жағдайлар кезінде барлық салалық құрылым жедел әрекет етіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Дүрбелең мен хаосқа жол бермей, жағдайды тұрақтандырып, апаттың ауыр салдарын мүмкіндігінше жеңілдету үшін дұрыс және уақытылы әрекет ету маңызды.Төтенше жағдайларға сақадай сай болу – Үкімет бастаған мемлекеттік органдардың ортақ міндеті", – деді Президент.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!