"Қарғыбауының құнын төлеп алады". Мемлекет басшысына тазы сыйлаған Абзал Досыманмен сұхбат

Абзал Досыман мемлекеттік қызметкер, медиа саласында жұмыс істейді. Ол қосымша тазы баптаумен айналысып, халқымыздың ұлттық брендінің сақталуына өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа құмай тазы сыйлаған. Massaget.kz тілшісі құмай тазы баптайтын Абзал Досыман сұхбаттасты.

"Екі тазымен бастадық"

Абзал Досыман ит баптауды балалық шағында атасынан көріп өскен.

"Бұрынғы Торғай, қазіргі Қостанай облысында атамның жайлауында өстім. Жайлауда қасқырлар көп болғаннан кейін атам одан қорғау үшін тазылар ұстады. Атамның 10-15 тазысы болды. Соны көріп өстім. 7 жасымда әке-шешеме қалаға кеттім. Арқалықта, кейін Астанада тұрдым. Ит баптаудың реті келмеді. 2010 жылы әке шешем жер үйге көшкен соң тазыларды қайта жаңғырту ойыма келді. Жігіттермен ақылдасып, тазыны баптау, санын қалпына келтіру, сақтап қалу, генетикалық ерекшеліктерін арттыру мақсатында қазақтың құмай тазыларымен кәсіби деңгейде айналысамыз деген мақсат қойдық. Сөйтіп, 2010 жылы жігіттермен бірге "Номад" ұлттық аңшылық клубы" қоғамдық қоры құрылды. Біз ешқашан тазыдан коммерциялық мүдде іздемедік, яғни сатып пайда табуды ойлаған жоқпыз. Осы кезең ішінде тазы ұстаймын, сақтаймын, көбейтемін деген шынайы жанашыр-қызығушыларға 1600-ге жуық тазының күшіктері таратылды. Санын көбейту үшін әсіресе, малшыларға таратуға тырыстық",- деді ол. 

Оның айтуынша, бұл іспен айналысуға құмай тазы санының аздығы әсер еткен.

"Біріншіден, бұл іспен айналысуға кішкентайымнан тазылармен өскен соң сол әсер етті. Екіншіден, еліміздегі тазының жағдайы, саны түрткі болды. Мәселен, 2000 жылдардың басында кейбір деректерге сәйкес қазақтың құмай тазысының саны 300-ге жуық болып қалды. Негізі қазақтың құмай тазысы сарғыш, қызғылт болып келеді. Қара, сұр, ақ дегендер де тазы деп саналады. Бірақ қазақтың нағыз тазысы сарғыш, қызғылт болып келеді. Біздің мақсатымыз - осы түсті тазыларды көбейту керек болды. Бастапқыда екі тазыдан бастадық", - деді ол. 

"6 жыл өмір сүреді"

Ол әр жұма сайын кешкісін тазыларға уақыт бөліп, ауылға баратынын айтты. 

"Жалпы тазылардың орташа өмір сүру ұзақтығы - 6 жыл. Кейде 7-8 жылға дейін өмір сүрген тазылар болды. Тазы баптаудың ерекшеліктері мен өзіндік ережелері бар. Тазының күшігі туған кезде екі аптадан соң ана сүтінен ауыздандыра бастаймыз. Араластырып, сұлының ботқасын береміз. Базарда сататын ет сүйектерін алып, суға қайнатып, тұз қосылған сорпасын береміз. Иттің бойындағы құрт, паразиттерді түсіру үшін бір айға жақындағанда арнайы дәрі, екпе салдырамыз. Қоғамдық қорда арнайы ветеринар бар. Сол барлығын қадағалап отырады. Күшіктерге шикі ет бермейміз. Етті саусақтың ұшындай етіп беріп, кейін мөлшерін үлкейте береміз".- деді Абзал Досыман.

Абзал Досыманның айтуынша, тазылар Астанадан  50 км жерде Жаңа Есіл деген ауылда бапталады.

"Тазыларды сол ауылда ұстаймыз. Онда арнайы аумақ бар.  Тазы үнемі жүгіру керек, әрдайым аңға шығу қажет. Сол үшін жылқылар да бар. Адамдар бізге жылқыларын әкеліп, орынның жалға алу ақысын төлейді. Біз сол ақшаға шығындарды жабамыз. Жылқышылар бір атты 2-3 сағат жүргізіп алу керек қой. 3 жылқышы 20 атты солай күнде жүргізеді. Сол уақытта тазылар да жүгіріп отырады. Себебі олар әрдайым формада болу керек. Мемлекет басшыларымен кездесіп жүрсе де олар далаға шыққанда бәсекеге сай, жүйрік болу керек", - деді ол

"Тазыны ит деп айтпайды"

Жүйрік болсын деген ниетпен тазыға құстардың атын берген.

"Тазыларыма жүйрік болсын деген ырыммен құстардың атын қоямын. Мысалы, Қаршыға, Шағала деген тазыларым бар. Сыланып тұр дейді ғой, атына заты сай арлан болса да сыланып тұратын тазыма Сылан деген атау бердім. Тазының ұрғашысын өлекшін деп аталады. Тазыны ит деп айтпайды. Біз тазылардың арасынан қаны араласып кеткен тазы көрсек, иесіне "мына тазың ит боп кетіпті ғой" деп айтамыз. Ол мазақ қылу болып кетеді. Ең жүйрік құс Сапсанға ырымдап, соның атын берген тазым бар. Шапшаң деген сөз сапсан деген сөзден шыққан ғой. Бұдан бөлек Ерза, Ұшар, Басар, Найза, Пуля деген тазыларым бар", - деді Абзал Досыман.

Тазыларға байланысты Түркия мен Финляндияда фотокөрме ұйымдастырғанын айтты.

"Финляндия астанасы Хельсинкиде, Түркия астанасы Стамбулда тазыларға байланысты "Желден де жүйрік тазы" деген атаумен екі фотокөрме ұйымдастырдым. Тазы өзінің жылдамдығымен, алғырлығымен ерекше. Далада қуатын аңдары - қоян, қарсық, түлкі,  бәрі де жүйрік. Тазы олардан да жүйрік болу керек", - деді ол.

"Мылтықпен аңға шығуға қарсымын"

Тазымен аңға шығудың өзіндік ережесі бар.

"Аңға шығар алдында жігіттермен жиналып, бәрін талқылаймыз. Кімде ат бар, кім қандай тазысын алып келді дегендей ғой. Әркім өз тазысымен келеді, қоғамдық қордың да тазысы бар. Бір ерекшелігі - тазыда адамға, басқа тазыларға агрессия болмау керек. Аңшылықтың басында тазылар бір-бірінен үркіп тұрады, қатты жақындаспайды. Қоян көтеріп, артынан бәрі жүгіріп, бірге ауызданғаннан кейін, яғни бірінші аң аулағаннан кейін ғана бір үйдің тазысы сияқты болып кетеді. Тазы мен тазыны байланыстыратын, тез үйреніп кетуіне себеп - аңшылық",- деді ол.

Ол мылтықпен аңға шығуға түбегейлі қарсы екенін айтты.

"Өмірімде тірі жәндікті мылтықпен атып алған емеспін. Тазымен аңға шығудың бір ерекшелігі -  аңды алған кезде табиғат заңына сүйене отырып алады. Егер тазы жүйрік, алғыр, айлалы болса ғана аң аулай алады. Әр аңшылық тазыға жаттығу, яғни келесі аңшылыққа дайындық болады. Соңғы уақытта тазымен аңға шығатындай аш жүрсіздер ме, тамақтарыңыз жоқ па деп жатады. Мәселе онда емес. Ашаршылық кезінде тазылар бірнеше отбасыны құтқарған. Тазымен аңға шығу біздің салт-дәстүріміз ғой. Мұны қарнымыз ашқаннан жасап жүрген жоқпыз. Біз дәстүрді қолдап жатырмыз. Мылтықпен атып алғаннан аңшылық әлдеқайда дұрыс деп айтар едім", - деді ол.

"Мемлекет басшысына Рони тазысын сыйладық"

Абзал Досыман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына "Nomad" ұлттық аңшылық қоры атынан Рони атты тазысын сыйға берген. 

"Мемлекет басшысына берген тазы Президент резиденциясында, жағдайы жақсы. Ал Ронидің ұяластары бізде. Шетелден келген қонақтарға ұлттық дәстүрімізді көрсету үшін этноауыл құрылған сайын соның біреуі тазыға арналады. 2019 жылдан бастап бұл дәстүрге айналды. Келген қонақтарға тазыларымызды көрсетіп, олар туралы айтып береміз. Жақында Франция президенті Эммануэль Макрон келгенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазыларды көрсетіп, олар туралы ақпаратты айтып берді. Оның тазыларға қызығушылығы керемет болды, тіпті бірнеше сұрақ қойды. Ағылшынша білгендіктен қойған сұрақтарына жауап бердім. Жасын, баптау тәсілін, ас-ауқаты туралы сұрады. Сондай-ақ, "тазыны аңдарға айдап саласыздар ма?" деген сұрақ қойды. Еуропада аңшылыққа деген көзқарас басқаша ғой. Оған "иттерді айдап салмаймыз, бұл генетикалық тұрғыдан жазық далаға шықса болса, ешкім айдап салмай-ақ аңшылықпен айналысады" деп түсіндірдім", - деді ол. 

 Тазыны сыйға тартудағы ырым-тыйым туралы да сұрадық.

"Тазыны біреуге сыйға тартуға болады. Бірақ қазақта "ит пен қанжарды сыйға тартпайды, сыйға тартқан адамның киесі кетіп қалады" деп жатады. Сол үшін итті "сатып алады". Мәселен, мен сізге тазы сыйлайтын болсам, қарғыбауының құнын беруіңіз абзал. Оның құнының нақты мөлшері жоқ.  Ниетіңізге байланысты. Қанша берсеңіз де, разы боламын.  Сол тазының құны болып есептеледі. Құн төлеу екеуміздің арамыздағы қарым-қатынасқа байланысты, нақты мөлшері жоқ", - деді ол.

"Халықаралық деңгейде арнайы тұқым ретінде тіркелді"

Оның айтуынша, тазының саны қазіргі таңда жеткілікті мөлшерге де жеткен.

"Бұрынғы тазының түсі сарғыш-қызғылт болып келген. Нақты осы түстегі тазылар моңғол шапқыншылығынан кейін қара, ақ болып кеткен. Біз тазылардың санын сақтап, қалпына келтіру мақсатында жұмысты бастағанда осы түсті тазыларды дамытамыз, көбейтеміз деген мақсат қойдық. Қазір жүйелі жұмыстың нәтижесінде тазының саны қалпына келтірілді. Былтыр 3 қаңтарда Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Қазақстанда қазақы ит тұқымдарын сақтау туралы заң қабылданды. Құжат аясында қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы құрылып, заң жобасының нормаларын іске асыру үшін бюджеттен 1,4 млрд теңге көзделген. Негізгі мақсат -  тазыны белгілі бір тұқым ретінде тіркеу болатын", - деді ол.

Абзал Досыман елімізде тазылардың стандартты заңы бекітілгеннен соң, халықаралық деңгейде арнайы тұқым ретінде тіркелгенін атап өтті.

"Дүниежүзілік спорттық және аңшылық иттер федерациясы тазыны халықаралық аренада тіркеу үшін бірнеше талап қойды. Соның бірі – елімізде тазылардың стандарттарын заңды түрде бекіту. Бұл стандарттар қабылданбаса дүниежүзілік аңшылық және спорттық иттер федерациясы тазыны халықаралық деңгейде арнайы тұқым ретінде тіркемейтін еді. Аталған стандарттар биыл бекітіліп, оған жауапты мемлекеттік мекеме айқындалды. Қазір осы жұмыс барысында "Охотзомпром" РМҚК мекемесіне қарасты ұлттық тазы-төбеттер орталығы ашылды", - деді Абзал Досыман.

"Шырға ату аңшылық инстинктін құртуы мүмкін"

Тазылар өзара шырға тарту додасында жарысады.

"Тазылардың өзара додалары өтіп тұрады. Ең бастысы - шырға тарту. Додада тазылар мәреде тұрады. Мотоциклге ұзын сым байланып, бір аңның терісі байланады. Мотоцикл жүрген кезде, тазылар оның артынан қуады. Кім бірінші келеді, сол шырғаны алады. Меніңше, шырға тарту бұл тазының аңшылық инстинктін құртуы мүмкін. Себебі ол жүгірген кезде теріні аң деп ойлайды, ал қасына барғанда өтірік екенін біледі. Келесіде  аңшылыққа шыққанда ойына түсіп, "өтірік емес пе" деп ойлауы мүмкін. Бұл оның мотивациясын құртады деп ойлаймын", - деді ол

Абзал Досыман тазы баптаудың бизнеске айналғанына қарсы емес екенін айтты.

"Тазыларды өзім 20-30 шақырым аралығында орташа жылдамдықпен жүгіртіп отырамын. Сол кезде өзінің бабында болады. Жалпы қазір тазы баптау бизнеске айналып бара жатыр деп айту қиын. Бизнеске айналса да мұнда тұрған ештеңе жоқ. Тазының саны көбейсе, қайта біз қуанамыз", - деді ол. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!