Министрлік ауыл тұрғындары мен "Охотзоопром" инспекторлары арасындағы жанжалға қатысты түсінік берді

Экология министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, 2024 жылғы 16 қаңтарда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданы Қызылжар кентінің маңында киіктер санын реттеу жүргізу барысында жергілікті тұрғындар мен Охотзоопром инспекторлары арасында  жанжал болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство бұған қатысты осы аудандағы киіктер санын реттеуді аңшы жасалған шартқа сәйкес автокөлік пен қосымша жарық көздерін қолдана отырып, түнгі уақытта ату әдісімен жүргізгенін хабарлады. Тиісінше, киіктер санын реттеу жүргізілген аумақты таңертең айналып өту барысында жаралы аңдарды жинап алу жүзеге асырылады.

"Алайда, жанжал барысында жергілікті тұрғындар киіктердің өлекселерін жинауға мүмкіндік бермеген, олардың талаптары бойынша бұл ұшалар Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне тапсырылды", - делінген хабарламада.

Бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, онда жергілікті тұрғындар мен "Охотзоопром" инспекторларының іс-әрекеттеріне тергеу амалдары аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдары құқықтық бағасын береді.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының аумағында криминалдық полиция Қызылжар кентінің төрт тұрғынын ұстағанын жазған едік. Күдіктілер "Охотзоопром" РКМК қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсылық танытып, күшін қолданып, оқиға орынынан қашып кеткен.

"Охотзоопром" қызметкерлеріне күш қолданғандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!