Қынамен қас бояуға бола ма? ҚМДБ өкілі жауап берді

Қынамен қас бояуға бола ма? ҚМДБ өкілі жауап берді
Фото: pixabay.com

Қыз-келіншектердің сұлулық үшін жасайтын процедурасының көпшілігі мұсылмандарға тыйым салынған іс-әрекеттің қатарына кіреді. Дегенмен кейбір адамдар қынамен қас бояу/татуаж жасау халал деп айтып жүр. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі мұның анық-қанығын білу үшін ҚМДБ өкілдерінен пікір алды. 

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы ең алдымен мұсылман әйелдерге тыйым салынған қасқа қатысты іс-әрекетке тоқталды.

"Пайғамбарымыздың қас теруге болмайды деген мағынаны білдіретін хадисі бар, бірақ ғалымдарымыз оның өзге мағынасы бар екенін айтты. Қас теруге мүлде болмайды деген тыйым жоқ, мысалы, кемістікпен туған бет-әлпеті ұсқынсыз адамдарға кейпін әдемі етуі үшін рұқсат етіледі. Ал тұрмысқа шыққан әйелге жарына ұнамаған жағдайда немесе оның рұқсатымен қасты теруге, жұқартуға болады", - деді ол.

Сонымен қатар, дін өкілінің айтуынша қынамен қас бояуға рұқсат етіледі.

"Қынамен қас бояу зейнет іс болғандықтан, оған рұқсат етіледі. Тек зейнеттенуді бөтен адамның көруіне болмайды, тек күйеуінің немесе жақын туыстарының көруіне рұқсат, себебі бұл бет-әлпетте қатты байқалады", - деп түсіндірді маман. 

Маман әрлейтін косметикалық құралды пайдаланудың жалпыға ортақ ережесі - дәрет алған кезде оның су өткізуі екенін жеткізді. Мысалы, мұсылман адамға бой дәретсіз жүруге мүлде болмайды. Осындай жағдайда сақ болу қажет, егер әйел таңертең немесе кешке боянып, дәрет алғанда жуып тастайтын болса, ешқандай мәселе жоқ. Ал ұзақ уақыт бойына сақталып қалатын, су өткізбейтін боянатын заттарды қолдануға тыйым салынады. 

Қазіргі кезде еліміздегі сұлулық салондары "қасты қынамен бояймыз, халал" деп жарнама жасап, адамдарды тартады. Елбек Тасболатұлы бұған қатысты да пікір білдірді.

"Бояну қыз баласының оны қалай қолданатынына қатысты бағаланады. Мысалы, қыз-келіншекке тойға баратын кезде боянып, бөтен адамның көзіне түсуіне болмайды. Яғни, бетіне түрлі косметикалық процедураны жасатқан адамның іс-әрекеті қызмет көрсетушіге қатысы болмауы мүмкін. Ал қызмет көрсетуші өз кезегінде бір зат не қызметтің нақты арам екенін біліп тұрса, оны өзгеге жасауына болмайды. Сондықтан, халал процедура деп жарнама жасайтын сұлулық салондары процедура кезінде өздері қолданатын зат құрамының халал екені туралы айтуы мүмкін", - дейді ол.

Қолданылатын заттың құрамынан бөлек, оның дәрет алғанда су өткізетін болуы да ықтимал.

"Олар біздің процедура халал, себебі ол дәрет алуға кедергі келтірмейді, су өткізеді деген мағынада айтып жатуы мүмкін. Осыған ұқсас түрлі косметикалық құралдар бар, олардың құрамында бір дана болсын арам қосылыс бар болса, ол құрамы жағынан адал емес болады және оны қолдануға да болмайды", - деп қорытындылады маман.

Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ өкілі "Қынамен маникюр жасауға бола ма?" деген сұраққа жауап берген болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Энергия көздері дегеніміз не?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә