"Азайту дегенді аяусыз қыру" деп түсінген сияқты - депутат киіктерді жаппай атуға қатысты

"Азайту дегенді аяусыз қыру" деп түсінген сияқты - депутат киіктерді жаппай атуға қатысты
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Депутат Ерболат Сатыбалдин мәжілісте киіктерді ату мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сатыбалдин өткен жылдан бері "киіктің қатары қоюланып кетті, егінге түседі" деген шаруалардың уәжіне байланысты 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекттік органдардан ресми түрде рұқсат берілгенін атап өтті.

"Алайда құзырлы орындар "азайту дегенді аяусыз қыру" деп түсінген сияқты. Таяуда Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданы, Қызылжар ауылы "Охотзоопром" ӨБ" қызметкерлерінің киік санын азайту желеуімен буаз киіктерді атып жатқаны жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл жерде елдің наразылығы орынды. Обал мен сауапты айыра білетін ел, іргесінде болып жатқан мұндай сұмдыққа шыдай алмаған. Осы ретте, сөз жоқ, сайғақтардың популляциясын шаруаларға зиян тидірмейтіндей, халықты әбігерге салмайтындай етіп реттеу қажет!

Әрине, кесіп айту керек, "Охотзоопром" ӨБ" қызметкерлерінің жасаған бұл қадамына құзіретті орындар құқықтық бағасын беру керек. Себебі, аталған мекеме қызметкерлері салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармағаны белгілі болды", - дейді депутат.

Регламент бойынша, бірінші, ақбөкендер ауыл маңына 10 шақырым жақындағанда жауапты мекеме қызметкерлері елді дүрліктірмей, халыққа бірінші кезекте құлақтандыру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек.

Екінші, ақбөкендердің популляциясын шектеу шараларын орындау – жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын санитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек.

Үшінші және ең бастысы ақбөкенді буаз кезінде азайту шаралары жүзеге асырылмау керек.

"Жоғарыдағы жайттарды ескере келе мынадай ұсыныстар береміз. ҚР Бас Прокуратурасымәселенің мәнін терең қарастырып, "Охотзоопром" ӨБ" қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне құқықтық бағасын беруді талап етеміз. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне:киік санын азайтуға бағытталған шараларды толық пысықтап, тиісті регламентке өзгерістер енгізуін ұсынамыз. Тиісті регламентке киіктердің табынын реттеуді ақбөкеннің лағы аяқтанған кезең мен күйекке түсер мезгіл арасында, яғни қазан, қараша айларында жүзеге асырылуы тиіс деген өзгеріс енгізілуі қажет. Киікті атудың маусымдық шараларын жүзеге асыруда жауапсыздық танытқан қызметкерлерге шара қолдануын талап етеміз!", - дейді Ерболат Сатыбалдин. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина