Ұлттық қордағы ақшаны бала 18 жасында емес, 25 жасында пайдалануына бола ма?

БЗЖҚ ресми сайтында "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасына қатысты өзекті сұрақтардың жауабы айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін барлық бала бағдарламаға енгізілген. 

Жинақтағы сома қандай валютада аударылады? 

18 жасқа толатын балалардың нысаналы жинақтары Ұлттық қордан БЖЗҚ-ға АҚШ долларымен аударылады және сол валютада сақталады. Бағдарламаға қатысушы бала кәмелетке толған соң ақшаны алу үшін уәкілетті операторға өтініш береді. Ал БЖЗҚ оның жинақтарын уәкілетті операторда ашылған банк шотына АҚШ долларымен аударады. Кейін уәкілетті оператор жинақтарды тұрғын үй немесе білім алуға аударған кезде ақша АҚШ долларынан теңгеге айырбасталады. Айырбастау сол сәтте өзекті болатын валюта бағамы бойынша жүзеге асырылады.  

Бала ақшаны бірден 18 жасында емес, кейінірек ­- 20 немесе 25 жасында пайдалана алады ма?

Бала 18 жасқа толғанда оның атына БЖЗҚ-да нысаналы жинақтау шоты автоматты түрде ашылады және оған Ұлттық қордан өзіне тиесілі қаражат аударылады. Ақша шотта 10 жыл сақталады. Егер осы мерзім ішінде ол қаражатты пайдаланбаса, қаражат автомат түрде БЖЗҚ-дағы оның атына ашылатын жеке ерікті зейнетақы шотына аударылады. 

Жинақты 18 жасқа толғанға дейін пайдалануға бола ма?

Жоқ, мұндай мүмкіндік қолданыстағы заңнамада қарастырылмаған. Балаға есептелген ақша Ұлттық қордың валюталық активтер құрамында болады және бала 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық банк инвестициялай береді. Бұл баланы қосымша инвестициялық кіріспен қамтамасыз етеді.

Егер бала азаматтығын ауыстырып, басқа елге кетсе, нысаналы жинақтары не болады? 

Қазақстан азаматтығынан шыққан балалар Ұлттық қордан қаражатты пайдалану құқығынан айырылады. Ал егер 2006 жылы және одан кейін туған бала 18 жасқа толғанға дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын алса, онда ол автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болады және Ұлттық қордан қаражат алуға құқылы. Бұл ретте оған Ұлттық қордан талаптарды есептеу оның туған күнінен емес, Қазақстан азаматтығын алған күнінен бастап жүзеге асырылады.

 Бала қайтыс болған жағдайда оның жинақтары не болады? 

Бала қайтыс болған жағдайда оған бұрын есептелген барлық жинақ ҚР Азаматтық Кодексіне сәйкес мұраға қалдырылады. Бұл ретте, баланың жинақтарын алушы мұрагерлер ақшаны кез келген мақсатқа пайдалана алады. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!