Алматы полициясы қалада болған жер сілкінісінен кейін мәлімдеме жасады

Алматы полициясы қалада болған жер сілкінісінен кейін мәлімдеме жасады
Фото: Tengrinews.kz

Алматыда жағдай тұрақты және бақылауда. Полиция департаментінің жеке құрамы қызметтің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жалпы қаладағы тәртіпті 2,5 мыңға жуық полиция қызметкері қамтамасыз етті, оның ішінде қаламыздағы жол қауіпсіздігін 70 патрулді полиция экипаждары қамтамасыз етті. Сондай-ақ тергеу-жедел топтарының жұмысы күшейтілді. Қаладағы жедел жағдайдың асқынуына жол берілмеді. Жедел басқару орталығының "102" қызметі штатты режимде жұмыс істейді: қоңыраулар саны көбейген жоқ", - деп мәлімдеді Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров.

Спикердің мәліметінше, азаматтардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету және қылмыстардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілді, соның нәтижесінде тонау және ұрлық деректері тіркелмеді.

"Түнде қоғамда және әлеуметтік желілерде негізсіз дүрбелең мен үрей тудырған жалған ақпарат тарады. Бүгінгі күнде Алматы полиция департаментінің жедел қызметкерлері жалған ақпараттардың авторларын анықтап, жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізуде. Біз азаматтарды ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырамыз және тек ресми ақпарат көздерінен алынған мәліметке сенуге кеңес береміз", - деп түйіндеді Арыстанғани Заппаров.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан