Бала зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру: үкімет заң жобасын мақұлдады

Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын таныстыру аяқталды. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі жедел уәкіл Динара Зәкиева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату, сондай-ақ отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру жөніндегі барлық түзетулер Үкімет қорытындысында қолдау тапты. Бұдан әрі олар Мәжілісте талқыланатын болады", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Бала құқықтары жөніндегі жедел уәкілдің сөзінше, Үкіметтің қорытындысы – заң жобасымен жұмыс істеудің маңызды және көп уақыт алатын бөліктерінің бірі. Оң қорытынды шықпаса, іс жүзінде норма қабылданбайды.

Былтыр қыркүйекте Amanat-тың Мәжілістегі фракциясында және БП-да таныстырған балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша енгізілген 40-тан астам түзету үкіметтен қолдау тапты, олар:

  • балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін татуласу мүмкіндігін алып тастау және жазаны қатаңдату: азаптау (баптың жаңа редакциясы), қатыгездік, денсаулыққа ауыр, орташа зиян келтіру, кәмелетке толмағанды ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру үшін;
  • зорлық-зомбылықты криминализациялау, яғни балаларға қатысты ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу (заң жобасы аясында ересектерге де қатысты);
  • бала зорлау үшін бас бостандығынан өмір бойына айыру;
  • балаға жыныстық сипатта тиісуге қатысты бап енгізу;
  • балаға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша тергеу әрекеттері кезінде қамауда ұстау;
  • балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялауды енгізу (МӘМ, лагерьлер);
  • баланы автобустан мәжбүрлі түрде түсіріп тастау үшін; буллинг үшін жауапкершілік енгізу;

Профилактикаға қатысты:

  • отбасыларға, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру (Отбасын қолдау орталықтарын, Балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашу);
  • қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру құзыретін бекіту;
  • агрессормен психологиялық жұмыс (ҚК-ке ерекше талаптар институтын енгізу аясында);
  • зорлық-зомбылыққа, буллингке ұшыраған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу құзыретін енгізу.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!