Ақмола облысында "марихуана" шегіп алған такси жүргізушісі жолаушыларды тасыған

Ақмола облысында "марихуана" шегіп алған такси жүргізушісі жолаушыларды тасыған
Фото: polisia.kz

Бес жолаушының өміріне есірткіге масаю күйінде минивэн жүргізушісі қауіп төндірді. Құқық бұзушы жолаушыларды тасымалдаумен айналысып, марихуананы пайдаланып кезекті рейсін жасады. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды облыстық патрульдік полиция батальонының 4-взводының қызметкерлері анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

22 қаңтарда полиция қызметкерлері Жақсы – Есіл-Бұзылық автожолында Қостанай қаласының 34 жастағы тұрғыны мінген Toyota Alphard маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеріс барысында полицейлер жүргізуші танымал мобильді қосымшаны пайдалана отырып, Астанадан Қостанайға жолаушыларды жеке тасымалдаумен заңсыз айналысқанын анықтады. Сонымен қатар жолға шығар алдында және жолда ер адам "марихуана" есірткі затын қолданды, осылайша тоқтатқан кезде салонда болған бес жолаушының өміріне қауіп төндірген.

Тәртіп бұзушыға қатысты полиция қызметкерлері тиісті әкімшілік хаттамалар жасады. Такси жүргізушісі 15 тәулік мерзімге қамауға алынып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар заңсыз тасымалдағаны үшін оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қазіргі уақытта полицейлер жолаушыларды жақын маңдағы теміржол вокзалына жеткізіп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан