Павлодарда түрмеге келгендер ұялы телефонды гриль тауыққа жасырып өткізбек болған

Павлодарда түрмеге келгендер ұялы телефонды гриль тауыққа жасырып өткізбек болған
Фото: pixabay.com

Павлодарда тергеу изоляторына келгендер ұялы телефонды гриль тауыққа салып өткізбек болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,  №63 мекемесінде пайдалануға тыйым салынған заттар сәлемдемелерді қабылдау кезінде рентген қондырғысын қолдану арқылы анықталып, тәркіленді. 44 жастағы қала тұрғыны әкелген заттарды үш гриль тауықтың ішіне жасырған. 

"Сәлемдеме денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін жазасын өтеп жатқан 38 жастағы сотталғанға арналған. Тыйым салынған заттар салынған сәлемдемені сотталған адамның танысы әкелген. Рентген қондырғысының арқасында сәлемдемені тексеру кезінде тыйым салынған заттар тәркіленді", - дейді №63 мекеме бастығы Берик Рахимов.

Тергеу изоляторының қызметкерлері сотталғандармен және олардың туыстарымен сәлемдемелерді жеткізу және мекемеге бару кезінде тыйым салынған заттарды алып жүруге жол бермеу туралы жүйелі түрде әңгімелесу жүргізеді. Дегенмен, келушілер заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды әлі де жалғастырудан тайынбайды. 

Ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жіберілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина