"Өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы". Босанғаннан кейінгі депрессияның 5 белгісі

"Өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы". Босанғаннан кейінгі депрессияның 5 белгісі
Фото: pixabay.com

Перинаталдық психолог Лидия Кутузова әйелдердегі босанғаннан кейінгі депрессияның бес белгісін атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Известия"-ға сілтеме жасап.

Бірінші белгі – шаршай беру және энергияның мүлдем болмауы. Психологтың айтуынша, бала босанғаннан кейін шаршаңқылықтың пайда болуы – қарапайым нәрсе. Жаңа туылған нәресте тәулік бойы күтімді қажет етеді, сондықтан ұйқыңыз қанбауы және физикалық тұрғыда әлсіреуіңіз әбден мүмкін. Алайда қарапайым шаршаңқылық пен босанғаннан кейінгі депрессия белгісінің арасында айырмашылық бар.

"Шаршаңқылық норма шегін асып кеткенде ол тек физикалық емес, эмоционалды жағдайға да әсер етеді. Мысалы, тіпті таңертең төсегіңізден тұру немесе беті-қолыңызды жуу секілді қарапайым нәрселердің өзін орындау кезінде әрең қозғалуыңыз мүмкін. Бұл шаршаңқылық демалсаңыз да, ұйықтап алсаңыз да кетпейді. Сондай-ақ өзіңізден денеңіздегі ауырлық, анық ойлай алмау және мотивацияның жоғалуы секілді жағымсыз белгілер байқауыңыз мүмкін", - дейді Лидия Кутузова.

Екінші белгі – өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы. Егер бұрын сізді қуантқан нәрселерге қазір ешқандай әсер бермесеңіз, бұл қауіпті белгі.

"Өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы – бәрі қызықсыз және мәнсіз көрінетін жағдай. Бұрын сізге шабыт берген нәрселерден қазір ләззат алмайтын боласыз: достарыңызбен сөйлесуден бастап хоббиге дейін. Айнала - бұлыңғыр, ал болашағыңыз белгісіз көрінеді. Бұл ешкіммен араласпауға, үнемі жалғыз қалғыңыз келуге әкеледі. Ал ол депрессиялық жағдайды одан сайын ушықтырып жібереді", - дейді маман.

Үшінші белгі – мазасыздық сезімі.

"Баланың амандығын және денсаулығын уайымдау - кез келген ана үшін қалыпты нәрсе. Алайда бұл сезім сізді мазалай берсе және толыққанды өмір сүруге мүмкіндік бермесе, бұл босанғаннан кейін пайда болған депрессия болуы мүмкін. Эмоционалды мазасыздыққа үрей, қорқыныш және күйгелектену кіреді. Ал оның физиологиялық белгілеріне жиіленген жүрек соғысы, тершеңдік, дірілдеу, шаршау, бас ауыруы немесе асқорыту проблемалары жатуы мүмкін", - деді психолог.

Төртінші белгі – ұйқы проблемасы. Ұйқының қанбауы – жаңа туылған нәрсетенің анасы үшін қалыпты нәрсе. Алайда балаңыз ұйықтап жатырғанда да ұйықтай алмасаңыз немесе керісінше, әдеттегіден көп ұйықтайтын болсаңыз, бұл басталып келе жатқан депрессия болуы мүмкін.

"Сізде ұйқысыздық, түн ортасында жиі себепсіз ояну секілді ұйқы проблемалары пайда болуы мүмкін. Ұйқысыздық жиі мазасыздықпен байланысты, себебі мазасыз ойлар адамға босаңсуға және ұйықтап кетуге кедергі келтіреді. Ал ұйқының жетіспеуі мазасыздық белгілерін күшейтеді. Осылайша, тұйықталған шеңбер пайда болады", - дейді маман.

Бесінші белгі – тәбеттің болмауы. Кей әйелдер тамаққа деген қызығушылығын жоғалтады, ал басқалар тамақты өте көп жеп бастайды. Маманның айтуынша, ағза осылайша күйзеліске әсер береді.

"Егер осы айтылған белгілерді өзіңізден байқасаңыз, ең бірінші сіз жалғыз емес екеніңізді түсінуіңіз керек. Көптеген әйелдің басынан осындай жағдай өтіп жатыр. Бұл сіздің жаман немесе дұрыс емес ана екеніңізді білдірмейді. Бұл сізге қолдау керегін білдіреді. Бұл белгілерді назарсыз қалдырмаңыз. Босанғаннан кейінгі депрессия – бұл жай ғана "нашар көңіл күй" немесе "әлсіздік" емес. Өзіңізге қамқор болу – эгоизм емес, қажеттілік", - деп қорытындылады Лидия Кутузова.

Оқи отырыңыз: Күйзеліске түскен жандар сізге не айтуы мүмкін?

А. Жапатова