Ұшақтағы жылан жолаушылардың зәресін алды

Фото: видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде тараған видеода AirAsia әуекомпаниясының Airbus A320 ұшағындағы оқыс оқиға бейнеленген. Онда жыланды байқап қалған жолаушылар шошып кеткенін көруге болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DailyMail басылымына сілтеме жасап.

Экипаж мүшелерінің ең батылы жыланға жақындап, пластик бөтелкенің көмегімен оны қауіпсіз жерге ауыстырған.

"Жыланды көргенде жаным көзіме көрінді. Төбемдегі жыланды айтпай-ақ, жалпы өмірімде бауырымен жорғалаушыларды ұнатпағанмын", "Жыланды алып тастағанда, арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Жолсерік қыз өте сабырлы, өз ісінің маманы екен. Дегенмен ұшып жеткенше борттан бірдеңе шыға келе ме деп қорқып отырдым", "Мен осыған ұқсас фильм көргенмін, дегенмен шынайы өмірде өз басымнан осындай жағдай өтеді деп ойламадым. Жағажайға сапарымның басы қатты болды", - деді жолаушылар.

Пхукет халықаралық әуежайының қызметкерлері борттың ішіне кіріп, жолаушылардың жүктерін тексеріп шықққан. Олар жолаушылардың басқа жыландарды немесе жануарларды бірге алып кірмегеніне көз жеткізбек болыпты.

Жолаушылардың үрейін ұшырған Блэнфорд жыланы екен. Ол адамдарға зиянын тигізбейтін азиялық типтегі алып жыландардың бірі саналады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова