Жоғары дене қызуын түсірмесе ағзада не болады?

Педиатр-терапевт Зарина Бабаева тұмау немесе ЖРВИ инфекциясы кезіндегі жоғары дене қызуын түсірмесе не болатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri life-қа сілтеме жасап.

Жоғары дене қызуына қатысты ел аузында тараған бірнеше танымал пікір бар. Соның бірі, суықтап қалған кезде көтерілген жоғары дене қызуын түсірмеген дұрыс, өйткені температура вирустарды өлтіруге көмектеседі деген түсінік.

Ең алдымен, маман жоғары дене қызуы аурудың алғашқы әрі негізгі белгісінің бірі екенін айтты.

"Жоғары дене қызуы - қорғаныс реакциясы, бұл адамның ауырып қалғанын және сәйкесінше тезірек әрекет етіп, ем алуды бастау керегін көрсететін дабыл", - деді ол.

Сонымен қатар, ол температураның жоғарылауы - ағзаның аурумен күресу тәсілі екенін жеткізді.

"Дене қызуы жоғарылаған кезде көптеген вирус пен бактерияның өмірлік процесі мен көбеюі бәсеңдейді, сондай-ақ дене қызуынан бөлінетін заттар вирус пен бактерияның кейбір түрлерін жоюға қауқарлы", - деді дәрігер.

Кішкентай бала

Жоғары дене қызуын түсіруге болып-болмайтынын бірнеше факторға қарап анықтауға болады. Мысалы, кішкентай балалардағы жоғары температураны міндетті түрде түсіру керек. 

"Ағзасы вирустық немесе бактериялық инфекцияны ешқашан көрмеген кішкентай бала суықтап немесе ЖРВИ жұқтырса, дене қызуы бірден жоғарылайды. Мұнда антидене артық өндіріліп, вирус пен бактерияға емес ағзаға көбірек зиян тигізеді", - деді педиатр.

Жеке төзімділік

Оған қоса, дәрігер ағзаның жеке ерекшеліктеріне назар аудару керегін, жоғары дене қызуы әркімге әртүрлі сезілетінін түсіндірді.

"Әр адамның жеке температураға төзімділік шегі бар. Мысалы, кейбір ересек адамдарда дене қызуы кішкене ғана көтерілсе де, жағдайы нашарлайды. Дене қызуы тіпті 37,2-37,5 ғана болса да, олардың басы қатты ауырып, басын көтере алмай қалады. Мұндай бас аурулары адамның жағдайына теріс әсер ететін болғандықтан, дене қызуын бірден түсірген абзалырақ болады, ал вирусты басқа жолмен жою керек", - дейді дәрігер

Вирустың түрі

Сондай-ақ, маман дене қызуына төзімділік вирустың түріне байланысты екенін айтты, мысалы тұмаудың вирусын дене қызуы арқылы жоюға тырысудың керегі жоқ.

"Тұмау вирусы тек 50-60 градус дене қызуында жойылады, ал адам денесі мұндай шектеуге дейін қызбайды. Тиісінше, егер жоғары дене қызуын түсірмесек, вирустан құтыла алмаймыз. Вирустың өмір сүру процесі 37,5-37,8 температурада баяулап бастайды, сондықтан жоғары температура вирусты өлтіреді деп айта алмаймыз", - деді Зарина Борисовна.

Созылмалы аурулар бар болса

Зарина Борисовна созылмалы аурулары бар адамдар жоғары дене қызуына шыдамау керегіне назар аударды. 

"Жүрек-қан тамырлары, диффузды токсикалық зоб, эндокриндік аурулар, қант диабеті сияқты аурулардың жағдайын біз бақылай алмаймыз. Егер инфекциялық ауру кезінде жоғары дене температурасын түсірмейтін болсақ, созылмалы аурудың ағымы өзгеріп, жағдайы нашарлап, ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан жоғары дене қызуын өз түседі деп күтпей, оны симптоматикалық түрде төмендетуге тырысқан жөн", - дейді терапевт.

Дене қызуы көтерілген кезде әр адамға жеке қарау керек, яғни нақты алгоритм жоқ. Себебі жоғары температураның өзінің пайдалы және зиян жағы бар. 

Айта кетеййік, бұған дейін температура неліктен көтерілетіні хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Автобус жолағымен жүргендерге қандай айыппұл салынады?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз