БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысқан әскерилер қанша жалақы алатыны белгілі болды

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысатын қазақстандық әскерилер жалақыны доллармен алатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олар Таяу Шығыс пен Оңтүстік Суданға барады.

"Дербес бітімгерлік миссияның берілуі Қазақстанның әлемдегі беделін көрсетеді. Бұл алғаш рет Голан биіктігінде (Сирия мен Израильдің шекарасы) іске асатын дербес бітімгерлік миссия болмақ. Ротаның құрамына 139 әскери қызметші кіреді. Оның ішінде әскерге шақырылған сарбаздар жоқ. Тек кәсіби әскерилер мен келісімшарттағы офицерлер, олардың барлығы толық дайындықтан өткен. Халықаралық заңнама бойынша барлық бітімгерлік қызмет БҰҰ-ның тәртібі бойынша базаланады", - деді Руслан Жақсылықов Парламенттік бірлескен отырысынан соң.

Қазақстанның Қарулы күштерін халықаралық комиссия тексеріп, рұқсат берген.

"Олар дайындықты өте жоғары бағалады. Бітімгерлікке іріктелген әскерилер жоғары моральдық-іскерлік қасиеті бойынша таңдалды. Мұнда денсаулық жағдайы, әскери тәртіп, әскери қызметші ретінде жеке дайындығы, тілді білу дәрежесі де кіреді", - деді министр.

Бітімгерлік миссия бір жылға созылады.

"2024 жылғы наурызда әскерилер бітімгерлік миссияға аттанады. Әрбір әскери қызметкерге бітімгерлік миссияға қатысқаны үшін бір мың доллар (451 мың 871 теңге - еск.) төленеді", - деді Руслан Жақсылықов.

Сонымен қатар, Қазақстан Таяу Шығыс пен Оңтүстік Судандағы миссияға әскери техникасын өзі жеткізеді. Оған бюджеттен қаржы қарастырылған.

"Қаржы бюджеттен қарастырылған. Қосымша қаржы қару-жарақтарды, оқ-дәрілер мен техниканы тасымалдауға есептелген. Бұл - шамамен 8 миллион доллар (3 миллиард 614 миллион 968 мың теңге)", - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан әскерін Таяу Шығыс пен Оңтүстік Суданға жіберу ұсынылғаны хабарланды. Парламенттік бірлескен отырысында мұндай мәлімдемені қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жасады.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!