Сағадат Нұрмағамбетовтың Кеңес Одағының батыры атағын алып жатқан суреттері көпшілік назарына ұсынылды

Сағадат Нұрмағамбетовтың Кеңес Одағының батыры атағын алып жатқан суреттері көпшілік назарына ұсынылды
Фото: Видео кадры

Кеңес Одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Сағадат Нұрмағамбетовтың еш жерде жарияланбаған суреттері көрмеге қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Фотосурет 1943 жылы түсірілген. Кездейсоқ кадрда 19 жастағы Сағадат Қожахметұлының сапта тұрған сәті бейнеленген. Фотоның қай қалада жасалғаны және кімнің түсіргені әзірге белгісіз. Ол зерттеушілердің еншісінде. Көрмеде қарулас достарымен түскен және қан майдандағы ерлігі үшін 1945 жылы Кеңес Одағының батыры атағын алып жатқан суреттері де бар.

Еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған көрмеге батырдың жеке заттары да қойылды.

"Көрмеміздің негізгі мақсаты - өскелең ұрпаққа, қазақстандықтарға әскери-патриоттық тәрбие беру. Ерекше атап көрсететін, бұл - Сағадат Қожахметұлының киім үлгілері. Қысқы киім үлгісі және де плащы көрсетілген. Біздің көрмемізде сол Халық қаһарманы атағын беру жарлығы және де оның Алтын жұлдызының көшірмесі қойылған", - деді Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің қызметкері Дәулет Қадыров.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек