Астанада ер адам отбасындағы мәселеден кейін секіріп өлмек болған

Астана тұрғыны биіктен секіріп кетпек болған. Полиция оның бұл қадамға баруына не түрткі болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қаланың Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Көпқабатты үйдің 8-қабатынан секірмек болған ер адам дер кезінде құтқарылыпты. Оқиға 16 қаңтарда болған. Сағат 20.00 шамасында "102" арнасының пультіне Сарыбұлақ көшесіндегі үй тұрғындарынан хабарлама түскен.

Куәгерлердің айтуынша, ер адам 8-қабаттағы кіреберіс терезені сындырып, төменге секірмек болған.
Қоңырау түскен соң патрульдік полицияның екі бригадасы оқиға орнына жедел аттанған. Оқиға орнына жеткен полицейлерді көргенде ер адам "секіремін" деп қорқытқан. Терезені сындырған кезде өзі кескен шыныдан оның қолдары да кесіліп, қанап кеткен.

"Тәртіп сақшыларының бірі ер адамның назарын аударып, сөйлесіп көңілін аулаған. Ол әңгіме барысында отбасындағы мәселелерге байланысты шарасыз қадамға баруға бел буғанын айта бастаған. Осы кезде ер адамның қалт еткен сәтін байқаған полицейлер асқан шапшаңдықпен жүгіріп барып, оны кіреберістің ішіне сүйреп кіргізген", - деп жазылған хабарламада.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!