"Арабша сөздерді көп қолданатын адамның бәрі діндар емес" - Дінтанушы

"Арабша сөздерді көп қолданатын адамның бәрі діндар емес" - Дінтанушы
Фото: pixabay.com

Дінтанушы Кеңшілік Тышқан "ахи" және "ухти" сөздерін жиі айтатын діндарларға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дінтанушының айтуынша, кез келген қоғам ашық саясат ұстанған кезде әртүрлі мемлекеттердің, әртүрлі қоғамның идеологиясы мен мәдениеті сол елге енеді.

"Бұдан бір қоғам таза болып қала алмайды. Батыспен байланыс орнатсақ, әртүрлі ғылыми және экономикалық терминдер кіруі мүмкін, ал дінмен байланыс орнатсақ, оның ішіндегі де кейбір ұғымдар енеді. Сондықтанда Арабияда оқыған, сол жақта уағызды арабша естіген кейбір бауырларымыз өзара солай сөйлесіп жатады. Бұл бір ерекшелік десек болады. Мәселен, олар "брат" деген сияқты өзара "ахи" деп сөйлессе, бір-біріне одан әрі жақын сезінеді. Алайда бұл жерде діндарлықтың қатысы жоқ. Қазақта бауырым, қарындасым және сіңілім деген жақсы сөздер бар. Сол сөздерді қолданып-ақ діндар бола аламыз. Ол бұрын солай болған. Діннен келген терминдер де бар, оны жоққа шығара алмаймыз", - дейді Тышқан.

Ол адам бір-екі сөзді арабша айтқаннан арабтанып кетпейтінін айтады.

"Қанша арабша сөз қоссам, сонша діндар болам" деген ой ақылға қонымсыз түсінік. Біздің тілге арабтан енген 6,5 мың сөз бар, одан араб болып кеткен жоқпыз. Иә, кейбір адамдар арабтың құндылықтарын енгізгісі келетін шығар, алайда біз оған өз ұлттық құндылықтарымызды қарсы қоюымыз керек. Бірақ Алланың діні адамзатқа ортақ құндылық", - деп түсіндірді дінтанушы.

Жасұлан Ордабаев

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz