Жаңа жылды Наурыз мейрамында тойлау ұсынылды

Жаңа жылды Наурыз мейрамында тойлау ұсынылды
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Елімізде Жаңа жылды Наурыз мейрамында атап өтіп, жылды наурыз айында қорытындылау керек. Мұндай бастаманы сенатор Әли Бектаев көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, жылдан жылға Жаңа жылды қарсы алу күрделеніп бара жатыр.

"Ол жай отбасылық мерекеден ауқымды материалдық шараға айналып бара жатқаны жасырын емес. Үлкен қалаларда, облыс, аудан, орталықтарында орнатылған алып шыршалар, мұз қалашықтары, атылған отшашулар мемлекет қазынасына салмақ түсіріп, тұрғын үй кешендерінде атылып жатқан пиротехникалар қуаттылығы жағынан адамға үрей тудырып, материалдық зақымдар келтіріп жатыр.

Жаңажылдық сыйлық іздеп сабылып жүрген адамдардан сауда орталықтарында аяқ алып жүре алмайсың. Бағасы шарықтаған балалар ойыншықтарының басым көпшілігі шетелден келетінін, шетелдің дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, тілін, ділін, дінін насихаттайтынын да жақсы білеміз. Ұжымдық корпоративтерді талдамай-ақ қояйық. Дегенмен жаңажылдық іс-шараларда ысырапшылдық пен даңғазалық басым болып бара жатқаны анық", - деді Әли Бектаев Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатордың пікірінше, Тәуелсіз Қазақстанда Жаңа жылды мерекелеудің идеологиялық негізін қалыптастыратын уақыт келді.

"Елімізде 3000 жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы терең дәстүрге енуі керек. БҰҰ Бас ассамблеясының қарарына сәйкес, халықаралық дәреже алған, ал UNESCO шешімімен адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген Наурыз мейрамы – халқымыздың қанына сінген, жанына жақын, рухына лайық мереке. Ел ішінде Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні деп айтылады. Осы күні бабаларымыз араларына жік түскен адамдарды бір дастарханнан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жандарды үйлендіріп, жеке отау еткен. Жетім-жесірлерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған.

"Бұл күні Самарқанның да көк тасы жібіген" деп небір мықты бай-бағландар да елдің жағдайын жасауға, көмек көрсетуге ұмтылған. Дәл осы күндері бұлақтардың көзін ашып, тал отырғызып, әркім өз ауласы мен үй-жайын тазалаған. Наурыз өте салысымен егіншілер егін егіп, малшылар төл алуға кірісіп, жыл басы қайнаған еңбекке ұласқан. Яғни Наурыз – халқымыздың нағыз рухани және еңбек мерекесі. Бұл күн ежелден-ақ ынтымақ пен ырыс мейрамы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символына айналуға тиіс", - деді ол.

Әли Бектаев Наурызды дәріптеуге ықпал ететін жалпыұлттық тұжырымдама қабылдап, мейрамды зерттейтін арнайы орталық құруды ұсынды.

"Елімізде балабақшадан бастап, барлық оқу орны мен еңбек ұжымында әрбір отбасында Наурыз мерекесін дәріптейтін, дәстүрге енгізуге мұрындық болатын, әр азаматтың санасына сіңдіре білетін жалпыұлттық концепция қабылдау керек.

Наурыз – көл-көсір дастархан жасап, жүздеген киіз үй тігіп, ысырапшылдыққа жол беретін мейрам емес, яғни әр отбасына, әр ауылға, әр өңірге рухани нәр беретін жаңашыл мерекеге айналуы керек.
Наурыздың тарихын, рухани құндылығын, оның әр дәстүрінің символикалық мәнін, ізгі амалдарының тәрбиелік мағынасын, татулық пен бірліктің негізін зерттейтін, қалың бұқараға жеткізетін ғылыми орталық қалыптастыру маңызды", - деді депутат.

Сенатор жылдың қорытындысын наурызда шығару керек деген ұстанымда.

"Әр жылдың экономикалық, статистикалық қорытындысы алдағы ақпан-наурызда шығатынын ескеріп, Наурыз мейрамы қарсаңында өткен жылды қорытындылап, еңбек ұжымы мен еңбек озаттарын марапаттау дәстүрге айналуға тиіс. Тіпті, наурыз айы еңбек адамын дәріптеу ай болғаны дұрыс. Мейрам қарсаңында тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдауды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесуді жалпы халықтық акцияға айналдыру қажет", - деп сөзін түйіндеді Әли Бектаев.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz