ШҚО-да аязда далада қалған төрт түлік тікұшақпен іздестіріліп жатыр

ШҚО-да аязда далада қалған төрт түлік тікұшақпен іздестіріліп жатыр
Фото: КТК

Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөлге қарасты ауыл тұрғындарының далада қалған төрт түлігі тікұшақпен іздестіріліп жатыр. Себебі қалың қардан өрістегі жылқыларға атты адам да, көлік те жете алмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Аудан әкімдігі табылған жұмыр тұяқтыларға жем-шөп жеткізуді ұйымдастыруда. Ал қатынас үзілген алты елдімекеннің күре жолдарын қалың қардан әлі тазартып жатыр. Үйінен шыға алмай қалған жұрт жұмысына атпен баруға мәжүр. Марқакөлде апта бойы соққан қарлы боранның беті қайтқан. Әйтсе де баспанасынан шыға алмай қалған жұртқа ауласындағы қалың қарды тазарту да қиын. Қар астында қалған елдімекен тұрғындары жұмысқа жылқымен қатынауда. Қатынас үзілген алты ауылдағы қардың қалыңдығы екі метрге дейін жетеді. Жол тазалаушы мекемелер елдімекендердің күре жолын тәулік бойы тазалап жатыр. Қарой, Ұрынқай, Ақжайлау ауылдарының тас жолы қардан толық тазартылған. Енді қалған үш ауылдың арасын ашуға бар күшін жұмылдырды.

"Мынау Төсқайын бағытындағы жол. 25 шақырым арасында жұмыс істеп жатырмыз. Қар әлі де қалың әлі", - дейді тұрғын. 

Қар астында қалған халыққа азық-түлік жеткізіліп жатыр. Аудан билігі құрсауда қалған елдімекендерге керек-жарағы мен дәрі-дәрмекті тікұшақпен тасымалдап жүр. Сондай-ақ әкім-қара жұрттың далада қалған төрт түлігін де іздеп тапқан. Енді омбы қарда жайыла алмаған жылқыларға жем-шөп жеткізеді.

"Қайнарлы ауылының жүкті тұрғынына ТЖД жіберген екі техника арқылы медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар Төсқайың ауыл оругінде жайылымдағы жылқылар кеше келген тікұшақ арқылы табылды. Енді жем-шөп жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр", - дейді ШҚО Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков. 

Қар астында қалған ауылдармен қатынасты қалпына келтіруге 24 арнайы техника жұмылдырлған. Мамандар Қайнарлы ауылының күре жолын ақұлпадан кешке дейін тазартып бітіруді жоспарлап отыр. Айта кетейік, Күршім ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған еді. Оған себеп: Марқакөлге қарасты бірқатар елдімекенді қалыңдығы екі метрге дейін қар басып қалған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина