Ақтөбеде қызылша жұқтырған бес сәби жансақтау бөлімінде жатыр

Ақтөбеде қызылшамен ауырған бес сәби жансақтау бөлімінде жатыр. Жұқпалы індеттен тынысы тарылғанымен, ешбірін арнайы аппаратқа қоспапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жансақтау бөлімінде жатқан сәбилердің ең кішкентайы алты айлық, ал үлкені екі жарым жаста. Ешбірі қызылшаға қарсы екпе алмаған. Дәрігерлер кезінде вакцина алған аналардың ағзасында аурудан қорғайтын антидене болатынын айтады. Сәбиді емізгенде ана сүтімен сол қызылшадан қорғайды екен. Бірақ антидене мөлшері төмендесе балаға қауіпті.

Қазір жұқпалы аурулар ауруханасында қызылша жұқтырған 145 науқас емделіп жатыр. Олардың көбі — балалар. Қалған жиырма шақты ересектің арасында жүкті келіншектер де бар.

"Бес баланың біреуі де апаратта емес. Олар жаңадан түскен науқастар. Барлығы екпе алмаған. Сондықтан олардың алғашқы диагноздары пневмония, бронхиолит, бронхит. Жансақтау бөлімшесінде бақылауда жатыр", - дейді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!