Жамбыл облысында есірткіні қар астынан қазып алған күдікті ұсталды

Жамбыл облысында есірткі өсімдігін қар астынан қазып алған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері Меркі ауданы Тәтті ауылының маңындағы құмды аумақта жабайы қарасораны жинап, дайындап жүрген 51 жастағы тұрғынды ұстады. Тінту кезінде одан 3,8 келі кептірілген марихуана тәркіленді.

Ұсталған тұрғын есірткіні өзі пайдалану үшін жинаған. Ол алдын ала 50 келілік қап сатып алған. Ол қар астынан жабайы шөптің сабақтарын қолмен қазып алып, одан кейін өсімдіктің әр сабағын бөліп жинаған.

"Ұсталған адам есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен Меркі ауданының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдікті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - деді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз