Мобильді аударымдарды тексеруді адал кәсіпкерлердің жұмысына кесірін тигізеді - депутат

Мәжіліс депутаты Асқар Садықов Қазақстанда мобильді аударымдарды тексеру адал кәсіпкерлердің жұмысына кесірін тигізетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолдады.

"Мобильді аударымдарға бақылауды енгізу қиындық туғызды. Бұрын мобильді аударымдар арқылы төлеген кезде сатушы қолма-қол ақша түбіртегін беруге міндетті болатын. Енді онлайн-аударымдар арқылы алынған айналымдар бөлек, кассалық чектер үшін бөлек есептеледі", - деді Асқар Садықов.

Оның айтуынша, енді салық салудың жеңілдетілген режимінде жұмыс істейтін кәсіпкер бір табыс үшін салықты 2 рет төлеуі керек.

"Біріншіден, бұл шағын бизнес үшін қомақты сома: 3%-дың орнына 6% төлеуге тура келеді. Екіншіден, POS-терминалдар арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін банк комиссиясы бар. Оның мөлшері 2,8%-ға дейін жетеді. Салдарынан кәсіпкерге түсетін қаржы жүктемесі 3%-дың орнына 8,8%-ға дейін өседі", - деді депутат.

Ол салық органдары бизнесті POS-терминалдармен жұмыс істеуге мәжбүрлеу арқылы банктердің мүддесін қорғап отыр деп ойлайды.

"Кәсіпкерді қандай да бір нақты төлем түрін жасауға мәжбүрлеу заңсыз. Шағын және микробизнес – олигархтар емес, шағын дүкендерде тауар сататын немесе шағын қызмет көрсететін қарапайым адамдар. Олар бюджеттен ақша ұрлап, оффшорға шығарып жатқан жоқ. Мұндай кәсіпкер 5 мың теңге салықтан жалтарса да, ақшаны елде қалдырады. Мысалы, ұлына бәтеңке алып береді немесе шағын кәсібін сәл де болса кеңейтеді", - деді Асқар Садықов.

Депутаттың айтуынша, салық органдары әртүрлі адамнан түскен 100 мобильді аударым бақылауға алуды көздеп отыр. Бұл бастама адал кәсіпкерлердің жұмысына кесірін тигізуі мүмкін.

Аяз Есен

"Алайда (мобильді аударымның) мөлшері анықталмады. Бұл 100-200 теңге көлеміндегі кез келген, азғантай төлемдерді де бақылауға мүмкіндік береді. Онда салық органдарына "Кімді іздеп жүрсіздер? Жасырын олигархтар мен жемқор шенеуніктерді ме, әлде жанын әрең бағып отырғандарды ма?" деген сұрақ туындайды. Бұдан кірісі онсыз да орташа жалақыдан төмен такси жүргізушілері, тігіншілер, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар мен өзге де қазақстандықтар зардап шегеді.

Сіздер күнін әрең көріп отырғандарға салық салғыларыңыз келеді. Олай болса, оларға жұмысын тоқтатып, мемлекеттен әлеуметтік көмек алып отыру әлдеқайда жеңіл болмақ. Жалпы мобильді аударымдарды толық бақылау жемқорларға әсер етпейді, адал шағын кәсіпкерлікке әсер етеді", - деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!