"Жалақымның 20-25 пайызы кетеді". Коммуналдық қызмет қалтаны қағып тұр

"Жалақымның 20-25 пайызы кетеді". Коммуналдық қызмет қалтаны қағып тұр
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Елімізде шілдеден бастап бірнеше құжатқа қол қойылып, коммнуналдық төлемдерге жаңа тариф енгізілді. Күні кеше елордалықтар үшін 1 ақпаннан бастап электр энергиясы бойынша шекті бағаның  жоғарылғаны туралы "Астанаэнергосбыт" ЖШС хабарлады. Жалпы коммуналдық тарифтің қымбаттауы тұрғындарға қалай әсер етті?  Осы тақырып аясында Massaget.kz тілшісі Алматы қаласының тұрғындарынан ай сайынғы коммуналдық төлем шығыны туралы сұрады.

"Жазда 10 мың теңге төлеймін"

Әсем Алматыда он жылдан бері тұрып келеді. Соңғы үш жылда өзі үй алып, қазір бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр.

Көрнекі сурет. depositphotos.com

"Бір бөлмелі пәтерде жалғыз өзім тұрамын. Қыста 15-22 мың, жазда 10-12 мың теңге төлеймін. Жаңа тариф бойынша өзгеріс байқалады. Бұрынғы төлемге қарағанда 5-7 мыңдай айырмашылық көрінеді. Жалпы мемлекет тарапынан неге коммуналдық төлем бағасы қымбаттай беретінін түсінбеймін. Жыл сайын бірдеңе өзгеріп жатады. Бұған дейін қыздармен бірге төлейтін болғандықтан білінбеген еді. Үш жылдан бері өзім тұрып келемін. Қымбаттайды деген сайын уайымдайды екенсің", -деді Әсем.

Оның айтуынша, коммуналдық шығындардан бөлек басқа да төлемдермен бірге жалақыдан артық табыс артылмайды.

"Кейбір санаттағы отбасыларға мемлекет жарты шығынды төлеп береді. Алайда, бұл берілген соманың жартысына да жетпеуі мүмкін. Сондықтан, тарифті қымбаттата бермеу керек. Жыл сайын әр нәрсе қымбаттап, жалақыдан артық табыс қалмай бара жатыр", - деді ол.

"Жалақымның 20-25 пайызы кетеді"

43 жастағы Ермек отбасымен бірге қаладағы 4 бөлмелі үйде тұрады. Коммуналдық шығын әр адам баласына есептелетіндіктен, өте көп шығын жұмсайтынын айтты.

 Көрнекі сурет. Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

"Төрт балам, әйелім және мен - үйде алты адамбыз. Коммуналдық төлемнің қымбаттағаны бар, одан бұрын да адам санына қарай көп мөлшерде шығын кететін. Шынымды айтсам, осы үйдің коммуналдық төлеміне жалақының 20-25 пайызы кетеді. Яғни, бір айда қыста 30-35 мың, жазда 15-20 мың төлеймін. Жаз кезінде ыстық су үшін 1 сағаттай суды ағызуға тура келеді. Сол қиындау. Себебі мұның бәрін менің есепшотымнан кетеді ғой. Қымбаттатқан сайын қызметіне лайық болса деп ойлайсың ғой. Жазды үш ай бойы жөндеу жұмыстарын жүргізетіні бар. Соның бәрін есепке алу керек", - деді Ермек.

Сондай-ақ, ол бұдан әрі қымбаттата берсе, қиын болатынын атап өтті.

"Үйде тек мен ғана жұмыс істеймін. Келіншегім бала күтімімен үйде отыр. Сондықтан, коммуналдық қызметтердің қымбаттауына қарсымын. Қазір бәрінің бағасы өсіп жатыр ғой. Бір ғана адамның табысы бар үй үшін бұл қиын тиеді. Соны ескерсе деп ойлаймын", - деді ол.

"Жөндеу жұмыстарының шығыны қымбат"

Орынбек пен Дидара бір жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. 

 Көрнекі сурет. Тұрар Қазанғапов

"Екеуміз де жұмыста көп боламыз. Үйде болуымыз сирек. Бір бөлмелі пәтердің өзіне қыста 15-20 мың теңге, жазда 8-10 мыңға дейін төлейміз. Соның ішінде жөндеу жұмыстарына 2500 теңге төлейміз. Негізі бұл сома ай сайын төлеуге көп деп ойлаймыз. Себебі ешқандай жөндеу жұмыстарына шығындалып жатқан жоқ. Бір жыл бойы пәтердің сыртына өзгеріс енгізілмеді ғой. Сонда мұның бәрі бос ақша ма деп қаламын. Өзіміз жалдамалы пәтерде тұратындықтан, үйге ақша жинау керек. Басқа да шығындарымыз бар. Қазір жаңадан үйленген жас жұбайлар болғандықтан білінбеуі мүмкін. Алайда ертең бала күтімімен үйде болып, бала-шағамыз болғанда бұлай қымбаттата берсе, қиындық туатыны анық", - деді олар.

Еске салайық, бұған дейін аз қамтылған отбасылардың коммуналдық шығындарының бір бөлігі өтелетіні жарияланған болатын.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы