"Біз әртүрліміз. Күшті емес пе?" Қазақстанда алғаш рет ЛГБТК+ сайты ашылды

Қазақстанда алғаш рет ЛГБТК+ сайты ашылды. Сайтта қазақ және орыс тілдерінде ақпарат жарияланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сайттағы мәліметке сүйенсек, "Selftanu" деп аталатын жоба ЛГБТК+ жасөспірімдер мен өз-өзін танып-білгісі келетін адамдарға арналған. Оның авторлары - Мүтәлі Москеу, Саша Казанцева. 

"Бір жылдары өзіміз де ЛГБТК+ бала болдық. Өз-өзін енді танып келе жатқан куир адам қандай сұраққа жауап іздейтінін біз жақсы білеміз. Оны табудың өзі оңай емес! ...ЛГБТК+ адамдардың ата-анасы мен достары да, әлемде қандай тамаша адамдар барын әрі олардың әртүрлі екенін білгісі келетіндер де біздің сайтты оқи алады!" - деп жазылған жоба туралы мәліметте. 

Бөлімдердің бірінде мынадай мәтін бар: "Біз әртүрліміз. Күшті емес пе? Кей әйелдер ерлерге, басқалары әйелдерге ғашық болып жатады. Кейбір ерлерді әйелдер қызықтырса, екінші бір бөлігі ерлерге қызығады. Ал кей жандар өзін не ер, не әйел деп те санамайды.  Біреу үшін адамның жынысы маңызды емес, бастысы - жақсы адам болса болғаны. Ал басқа бір адамға қарым-қатынас деген түк те қызық болмауы мүмкін. Адам баласы біреуге құштар болса да, ғашық болса да, өзін-өзі қалай таныса да - барлық амалының ниеті ізгі болуы керек".

Сонымен қатар, сайтта мына бағытта ақпараттар топтастырылыпты:

  • Өз-өзіңді қалай тануға, бағдарың мен гендерлік кімдігіңді анықтауға болады?
  • Романтикалық қарым-қатынас пен секс жайлы не білу керек?
  • Қалай дос тауып, ата-анамен қарым-қатынасты дұрыстап, болашақты жоспарлауға болады?
  • Балам / досым / құрбым — ЛГБТК+ адам боп шықса, қайтпек керек?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!