Бельгиялықтар асырап алған қазақ баласының оқиғасы: "әкесі болуы мүмкін" ер адамның ДНҚ анализі шықты"

Бельгиялықтар асырап алған қазақ баласының оқиғасы: "әкесі болуы мүмкін" ер адамның ДНҚ анализі шықты"
Фото: әлеуметтік желіден

Әлеуметтік желіде бельгиялық отбасы асырап алған 21 жастағы Эдди Жан Қазақстандағы туған ата-анасын іздейтіні туралы ақпарат тараған еді. Оған дүниеге келгенде Жәнібек деген есім де берілген екен. Жәнібек біраз уақыт туған елінде болып анасын іздеді, алайда визасының мерзімі аяқталуына байланысты Қазақстаннан кетті. Танымал тележүргізуші Қымбат Досжан баланың оқиғасына қатысты жаңа деректі жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын журналист "баланың әкесі болуым мүмкін" деген ер адам табылғанын айтқан еді. Алайда оның да ДНҚ нәтижесі сәйкес келмеген.

"Мен Жәнібектің әкесі болуым мүмкін деп ДНҚ анализ тапсырған Бауыржанның нәтижесі 0 пайыз шықты. Назар аударыңыз: егер анализ тапсырамын десеңіздер, лаборатория арнайы барып керегі жоқ, Әселге хабарласыңыз, бәрі құпия түрде болады", - деп жазды журналист.

Еске салайық, бұған дейін бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы анасын іздейтіні хабарланды. Бұл туралы журналист Олжас Беркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Кейін "Бармысың, бауырым?" және "Көреміз" редакциялары Жәнібекке анасын іздеуге көмектесті. Бірнеше әйел ДНҚ сынамасын тапсырды, алайда бірде-бір нәтиже оң шықпады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова