"Кездейсоқ кикілжің". Жетісу облысында депутатты пышақтап кеткен ер адам ұсталды

Жетісу облысында Алакөл ауданы мәслихатының депутатын пышақтаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Жетісу облысында осындай қылмысқа барған күдіктіні полицейлер көпке ұзатпай қолға түсірді. Ер адам Алакөл аудандық мәслихатының депутаты Дәурен Слямовты пышақтап тастаған.

Полиция қылмысқа Слямовтың қызметінің қатысы жоқ деп отыр. Дәурен Слямов кездейсоқ кикілжің кезінде ажал құшыпты. Үшаралдағы салынып жатқан нысандардың бірінде жұмысшылар төбелесіп, депутат араша түскен көрінеді. Сол кезде суық қаруын ала жүгірген қаскөй, пышағын Слямовқа сұғып алған. 37 жастағы азамат оқиға орнында тіл тартпай кетті.

"Күдікті 24 жастағы жергілікті тұрғын екені анықтады. Ол оқиға орнынан қашып кеткен. Ұсталған адам Алакөл ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қажет сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды", - дейді Жетісу облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Нұрболат Шаму.  

Еске салайық, 15 қаңтарда Жетісу облысында аудандық мәслихат депутатын өлтіріп кеткені хабарланған болатын. 

Желіде Жетісу облысында аудандық мәслихат депутаты Дәурен Слямовтың Үшарал қаласында өлі табылғанын, бейтаныс біреу оны пышақтап кеткені туралы ақпарат тарады. Мұны облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

"15 қаңтар күні сағат 15:25-те Алакөл аудандық полиция бөліміне Үшарал қаласындағы тұрғызылып жатқан нысандардың бірінде ішімдік ішкен азамат жұмысшыларға тиісіп жатқаны туралы хабарлама түсті. Полицейлер 24 жастағы жергілікті тұрғынның жұмысшыларды қорғамақ болған 34 жастағы ер адамды пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткенін анықтады", - деп хабарлады полиция.

Қоңырау түскеннен кейін бес минут ішінде оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Алайда жәбірленуші алған жарақатынан жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз