"Халықты тыныштандырып қою үшін "шетелге ауру балаларды береміз" деген" - журналист

"Халықты тыныштандырып қою үшін "шетелге ауру балаларды береміз" деген" - журналист
Фото: видеодан алынған кадр

"Шетелдегі қазақ балалары" жобасының авторы Жанар Байсемізова Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында шетелге кеткен қазақ балалары жөнінде ел білмейтін көп деректі айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналист бала асырап алу ісінде көп шикілік, заңсыздық болғанын жеткізді.

"Бұл салада (бала асырап алу - еск.) жемқорлық болғанын ешкім жоққа шығармайды. ...Бір америкалық ата-ананың өз аузынан біздің жақ ақша талап еткенін естідім. Құжаттар бойынша барлығы дұрыс, ешқандай шикілік таппайды. Тіпті сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің өздері, Бала құқығын қорғау комитеті болсын, "ол жаққа тек ауру балалар кетеді" деп айтты ғой. Бірақ ауру балалар кетіп жатқан жоқ. Неліктен? Өйткені олардың медициналық парақшасына түрлі-түрлі ауруды жазып қояды. ...Арасында мүгедек балалар бар. Мысалы, 2009 жылы Бельгияда түсіріп келдім. Талғат деген бала болды. Сол баланың қолы шынтағынан жоқ болды. АҚШ-та бір қыз бала болды, екі аяғы жоқ. Бірақ барлығы бірдей ауру емес. Есепсіз кеткен бала өте көп. Халықты тыныштандырып қою үшін "шетелге ауру балаларды береміз" деген ақпарат болды. Бағдарламадан елдің бәрі оның барлығы ауру емес екенін көріп жатыр", - дейді ол сұхбатта.

Сонымен қатар, бағдарлама жүргізушісі "балалар 4-5 мың долларға сатылғаны" жөнінде ақпарат барын айтты. Ал Жанар Байсемізова 90-жылдардың аяғында бұл сома 50 мың доллар көлемінде болғанын нақтылады.

"4-5 мың доллар деген ақша емес қой. Сол кездегімен 50 мың доллар. 90-жылдардың аяғы, 2000 жылдары. Он шақты отбасы келіп, әрқайсы 50 мың доллар беріп, балаларды алып кеткен. ...Менде жазылған (заңсыз кеткен балалар туралы деректер - еск.), бірақ эфирге берген жоқпын. Заңсыздық өте көп болған. ...Ақылыңа сыймайтын дүниелер болған. Шынын айтқан кезде өзің шошып кетесің. Шетелдіктер негізі заңды сақтайды, біздің адамдарға ақша керек болды", - дейді Жанар Байсемізова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова