Шетелдік тауарларды елімізге жеткізу уақыты айтарлықтай қысқарады

Қазақстанға шетелдік тауарларды жеткізу мерзімі 2 айдан 7 күнге дейін қысқарады. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Оның пікірінше, электронды сауданы дамыту шарттарының бірі – қоймалық және логистикалық инфрақұрылымның болуы.

"Президент тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2024 жылдың соңына дейін трансшекаралық электронды сауданы ынталандыру үшін Қытай тарапымен бірлесіп, Қазақстанда өңірлік қойма инфрақұрылымын құру мәселесін пысықтау жоспарланып отыр", - деді Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар Ақтөбе және Ақтау қалаларында фулфилмент орталықтары мен бонд қоймалары желісін дамыту жалғасады.

"Бонд қоймаларын ашу Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тауарларды одан әрі транзиттеу үшін ірі шетелдік маркетплейстердің тауарларын орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл шетелдік тауарларды қазақстандық сатып алушыларға жеткізу уақытын 60 күннен 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді", - деді министр.

Ол осы бағытта халықаралық ұйымдар шеңберінде жұмыс жалғасатынын жеткізді.

"Электронды сату арқылы басқа елдермен тауар айналымын жыл сайын 100 млн доллардан асыруды көздеп отырмыз", - деді Арман Шаққалиев.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!