"Қабырғасы жылжып кетті". Ұлытау облысында тұрғындар апатты үйге кіруге қорқады

"Қабырғасы жылжып кетті". Ұлытау облысында тұрғындар апатты үйге кіруге қорқады
Фото: Алматы ТВ

Ұлытау облысында тұрғындар апатты үйдің астында қаламыз ба деп қорқады. Күн сайын үрейлері үдеген жұрт қос қабатты баспанасына кіре алмай жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Екіқабатты тұрғын үй кез келген уақытта қирап қалуы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, үйдің шатыры шіріп, қабырғалары жарылып жатыр. Қатты аяз болған соңғы 4  күнде 40 сантиметрге дейін аршылған.

"Бұл пәтерде ата-анам тұрады. Сексеннен асқан қарт адамдар. Оқиға болған күні әкімдіктен, ТЖ бөлімінен адамдар келді. Бірақ ешқандай шара қолданылған жоқ. Олар ешқандай дәлелсіз газ баллонының жарылғанын көрсетеді. Бірақ бұл жалған ақпарат. Бұл үйде газ пеші пайдаланылмайды", – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Гүлзира Тезекбаева  

Қос қабатты үйдің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Әбден тозығы жеткен баспаналарды бала да, ересек те, зейнеткер де паналап жүр. Көпшілік әкімдік жөндейді деп үміттенеді.

"Біз 6 адамбыз. Баспанасыз қалдық. Көшеде аяз. Бүгін төртінші күн далада қалдық. Билік ешқандай шара қолданбайды, тек уәде береді. Неге билік мәселеге соншалықты бей-жай қарайды?" – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Нариман Серіков.

Шаһар билігі жағдайды біледі. Алайда аталған мекен жайдағы үй апатты деп танылмайтын көрінеді. Әкімдік жаңалап беруге де құлықты емес. Қазіргі таңда қыс көзі қырауда далада қалған көптің мәселесін уақытша шешіп берген. Ал апта соңына дейін барлық тұрғындар уақытша баспанаға орналастырылады.

"Бұл мәселе әкімдік бақылауында. Тұрғындармен келіссөз жүргізілді. Қазіргі уақытта осы үйдің жай-күйі бойынша техникалық тексеру жүргізілетін болады. Барлығы талапқа сай болса, көмек көрсетеміз. Адамдар далада қалмайды", – деді Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Талғат Айтжанов.

Қазіргі таңда Сәтбаев қаласында 251 ескі үй бар. Оның ішінде 19 баспана апатты деп танылған. Көпшілігі 1950-60 жылдары салынған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина