Шымкент әуежайының маңындағы үйлерге қатысты шешім шықты

Шымкент әуежайының маңындағы үйлерге қатысты шешім шықты
Фото: otyrar.kz

Шымкенттік шенеуніктер "Әуежай маңындағы үйлерді жаппай сүргеннен көрі, жаңа ұшу-қону жолағын салу оңайырақ" дейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

"Ұшақтардың қай уақытта ұшып, қонатынын үйде шай ішіп отырып біліп отырасың. Бәрі естіледі".

30 жылдан астам уақыт әуе айлағына жақын тұрған үй иелері әр ұшақтың ұшу кестесін жатқа біледі. Соның бірі – Жүзімхан Оңалов. Ол бұл жер учаскесін әуежай орны ауысады деген үмітпен 2016 жылы сатып алған екен.

"Бұл аэропорт болмайды. Орнына КТЖ келеді, бұл жер екінші Шымкент болады деді кезінде. Сонымен көшіп келдік осы жерге. 2021 жылдан бастап бұл жер қызыл аймақта орналасқан, ертең жаңа аэропорт ашылады, сол кезде мына жердің бәрі ұшып қонғанға әсер етеді деді. Мына жер қызыл аймақ, Әйтенов көшесіңдер деді бізге" ,- дейді Шымкент тұрғыны Жүзімхан Оңалов.

Бұл мәселе бірнеше жылдан бері сол жердегі тұрғындардың уайымына айналған. Жауаптылар қазір мәселе оңынан шешіліп жатыр дейді.

"Транспорт басқармасымен бірлесіп, аэропорттың екінші жолағын салуды көздеп отырмыз. Ол теміржол линиясы өткен оңтүстік жағынан түсетін болады. Яғни, заманауи ұшу жолағы түседі. Жолақ түскен жағдайда біз айналасындағы үйлерді мемлекет мұқтаждығына алмайтын боламыз. Яғни, санитарлық зонаның аймағынан шығарамыз ол үйлерді", - дейді Шымкент сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.

Шымкенттегі жер мәселелері шетінен шешімін тауып келеді. Жақында мегаполистің дизайн-кодын тұрғындар талқылауына ұсынды. Оны әзірлеуге 106 миллион теңге бөлінген.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан